Өңірлер

Тоқаев Екібастұз қаласында өткен кеңеске қатысты

Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ, деді президент
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша — Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды. Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорда Twitter парақшасында.

Қазақстанда 89 қала бар. Соның 27-сі немесе 30 проценті – моноқалалар. Оларда 1 миллион 400 мың адам тұрады. Бұл – халықтың сегіз проценті.

"Қазір моноқалалар экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отыр. Олар өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды. Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аса өзекті мәселе", - деді президент.

Оның айтуынша, елде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ.

Жиында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр еліміздегі моноқалаларды дамыту бойынша баяндама жасады.

Президенттің баспасөз хатшысының хабарлауынша, жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы президенттік жастар кадр резервінің өкілдерімен кездеседі. Сонымен қатар қаладағы индустриалды кәсіпорындарға бару жоспарланған.