НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша — Sputnik. Қазақстанның сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев Қазақстанмен ынтымақтастық мәселелері бойынша AliExpress Ресей өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар ЕАЭО кеден аумағына тауарларды баж салығынсыз жеткізу мәселесін талқылады, деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
"Қытайдан тауарлар Орта Азияға Шығыс Еуропа арқылы жеткізілетіндіктен, жеткізу уақыты шамамен 60 күнді алады. Бұл тұтынушылар үшін тиімсіз болады, содан кейін олар тауар сатып алуды тоқтатады. Осы мерзімді 30 күнге дейін қысқартқан жағдайда тауар сатып алудың өсуі байқалады", - деді Алиэкспресс Ресей ТМД бағытының жетекшісі Дмитрий Андрюхин.
Сондай-ақ Aliexpress Ресей өкілдері Қазақстанға тауарларды жеткізу үшін тұрақты бағдар орнату және Орта Азия өңірлері үшін Қорғас базасын пайдалану туралы ұсыныс жасады.
2020 жылы Еуразиялық үкіметаралық кеңес халықаралық электронды сауда аясында жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін сатып алатын тауарларды ЕАЭО кеден аумағына бажсыз жеткізу шегін кезең-кезеңімен төмендету мәселелерін пысықтауды тапсырды. Бүгінгі күні 200 еуро (немесе салмағы бойынша 31 кг) мөлшерінде баж салығынсыз шек белгіленген. Осы шектен асып кеткен жағдайда мұндай жоғары шектің 15%-і (немесе 2 еуро/кг) мөлшерінде кедендік баж төленеді.
Өз кезегінде Ержан Қазанбаев Қазақстан келіссөз жүргізу үшін ашық екенін және ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін атап өтті.
Атап өту керек, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан тұрғындары AliExpress Ресей платформасында 3,7 миллионнан астам тапсырыс рәсімдеді. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстанға 10 миллионнан астам тауар жеткізілетін болады.