НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Қытайда коронавирус қайта өршіді. Кейінгі тәулікте мұнда 100-ге жуық жаңа дерек расталды. Көрші елде эпидахуал қазанның ортасынан бастап нашарлады, деп хабарлады Хабар 24.
Оқиғалардың дені солтүстік өңірлерде тіркелген. Алайда қатаң шектеу шараларына қарамастан, індеттің таралу географиясы кеңейіп барады.
Ел астанасы Бейжіңде кейінгі тәулікте вирус жұқтырудың 8 жаңа дерегі расталды. Бұл соңғы 9 жарым айдағы ең үлкен көрсеткіш. Осы ретте қала тұрғындарына басқа өңірлерге сапар шекпеуге, үйлену тойлары секілді ірі шараларды өткізбеуге кеңес берілді. Халықтың ары-бері қатынауын шектеу үшін Бейжің әуежайларындағы ішкі рейстердің жартысынан астамы ұшпайтын болды.
"Әлемде коронавирусқа байланысты кісі өлімінің көрсеткіші 2 процент шамасында. Бізге оны 0,5 процентке дейін жеткізу керек. Яғни, бұл сан тұмаудың өлім көрсеткішіне дейін төмендеуге тиіс. Ал ол вакциналау деңгейін арттырудың арқасында мүмкін болады", - дейді Респираторлық аурулардың ұлттық зерттеу орталығының директоры Чжун Наньшань.
Оқи отырыңыз: Қытайда балаларға үш жастан бастап вакцина салынатын болды
Вакциналау демекші, шамамен 1 миллиард 400 миллион халқы бар Қытайда екпенің қажетті екі дозасын алғандар саны бір миллиардтан асады. Тақауда мұнда жасы 3-тен асқан бүлдіршіндерге де препарат қабылдауға рұқсат етілді.