НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. БАҚ-та Ақмола және Қостанай облыстарындағы мамандандырылған ХҚКО-ларда мыңдаған адам жүргізуші куәлігін сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, полиция екі жылдан астам уақыт бойы жүргізу құқығына үміткерлерден теориялық және практикалық емтихан қабылдауға қатыспайды.
"Тәртіп сақшылары жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерді жүргізуші куәлігінен айыру және басқа да мәлімет алу тұрғысынан ғана тексеру жүргізеді. Бұл жүргізуші куәлігін беру кезінде азаматтардың полициямен байланысын азайту және сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау үшін жасалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 43 процентке төмендеді", – дейді Түсіпов.
Айта кетері, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері азаматтардың орнына жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырған мамандандырылған ХҚКО қызметкерлерін анықтады.
Емтиханды сәтті тапсыру үшін арнайы дайындалған адамдар тартылған. Күдіктілерден жол қозғалысы ережелері бойынша емтиханнан сәтті өтті деген жалған анықтамалар тәркіленді.
"Жол ережесін білмейтін жүргізушілер азаматтарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан көлік тізгініне отырғысы келетіндер оларға жүктелетін жауапкершілікті сезінуі керек. Азаматтардан жолдарда сақ болып, жол ережесін қатаң сақтауды сұраймыз", – дейді полицейлер.
Министрдің тексерісі
Жақында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықта жүргізуші куәлігін емтихансыз беру фактілерін өз көзімен көргенін мәлімдеді.
"Қазанның 24-і күні соңғы рет Нұр-Сұлтан қаласының халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталығында болдым. Шынымды айтсам, жұмысына көңілім толмады. Себебі кейбір фактілер анықталды. Оны жемқорлыққа жатқызып отырмын. Өйткені адамдарға теориялық және практикалық емтихансыз жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік жасалды. Иә, ондай жағдайлар аз шығар. Бірақ біз шын мәнінде қанша рет болғанын білмейміз ғой", - деді Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Министр жүргізуші куәлігін алу процедурасынан өзі де өткен. Сол кезде емтихансыз құжатты қалай алуға болатынын көріпті. Қазіргі кезде бақылау шаралары күшейтіліп отыр. Алдағы уақытта емтиханға кіретін адамдарды биометриялық тексерістен өткізеді.