Қоғам

Қабатов көмекшісі соққан марқұмның жесіріне өтемақы төлеуден бас тартты

Тұрсынбек Қабатовтың талапарызын сот алқасы кері қайтарды. Соттың айтуынша, азаматтық талапарыздар бойынша дұрыс шешім шыққан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша — Sputnik. Қазақстандық танымал әзілкеш әрі шоумен Тұрсынбек Қабатов пен оның көмекшісі екі жыл бұрын Қарағанды облысында болған және адам өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша үкіммен келіспей, аппеляцияға берді.

Тұрсынбек көз жұмған азаматтың артында қалған жесірге тиісті соманың жартысын – 4 миллион теңге төлеуі керек. Себебі сот ортақ тәртіпте төлем жасауды міндеттеді. Талапарыз бойынша өтемақы сомасы сәйкесінше 8 миллион теңгені құрады.

Сол қайғылы оқиға болатын күні көлікті айдаған оның көмекшісі өз кінәсін мойындамай отыр. Ол жәбірленуші мас күйде қараңғы уақытта жол ортасына жүгіріп шықты деген уәж айтуда.

Аппеляция Нұр-Сұлтан сот алқасының төрағасы Әділхан Шайхисламов пен Мұрат Солтыбаев және Алма Есімова судьяларының қатысумен қаралды, деп жазды InBusiness.kz.

"Адвокаттар сотталушының кінәнің дәлелденбеуіне байланысты ҚР ҚК 345-бабы бойынша ақтау және ҚР ҚК 346-бабы бойынша жазаны жеңілдету туралы өтінішін қолдайды. Себебі қараңғы уақытта көлік жүретін жол бөлігінде мас күйде болған жәбірленушінің әрекетіне баға берілмеген. Алайда бұл сотталушының салдарынан адам өліміне алып келген жол ережесін өрескел бұзу бойынша іс-әрекетін ақтай алмайды", - деді Әділхан Шайхисламов.

Тұрсынбек Қабатовтың талапарызын сот алқасы кері қайтарды. Олардың айтуынша, азаматтық талапарыздар бойынша дұрыс шешім шыққан.

"Моральдік шығын келтірілгені үшін жауапкершілік сотталушыға және көлік иесіне ортақ тәртіпте жүктелуінің негізі бар. Қабатов өз көмекшісіне көлікті ерікті түрде берген. Яғни оған көлік құралын сеніп тапсырды. Сот үкімі өзгеріссіз қалдырылады", - деді сот алқасы.

Еске салсақ, жол апаты 2019 жылдың қазанында Нұра ауданындағы Ахмет аулының маңында болды. Lexus маркалы көлік мінген Қабатовтың көмекшісі 34 жастағы Ерлан Омарқұловты қағып кетті. Ол көз жұмды.

16 тамызда елордадағы №2 Алматы аудандық соты ҚР 345-бабының 3-бөлімі - жол қозғалысы ережелерін бұзғаны, абайсызда адам өліміне әкелгені және ҚР 346-бабының 1-бөлімі көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйінде рөлге отырғаны бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сот жесірдің пайдасына сотталушы және Тұрсынбек Қабатовтан 8 миллион теңге өндіру туралы қаулы етті.

Біраз бұрын көз жұмған азаматтың анасы заттай дәйектер – ұлының аяқ киімі мен киімінің жойылғаны туралы мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: 

"Қабатовтың көлігімен адам қақты": әзілкеш ақпаратқа түсініктеме берді - видео

Қабатовтың көмекшісіне қатысты сот үкімі шықты