Оқиға

Шығыс Қазақстанда автобус қызды қағып өлтірді

Жасөспірім қыз түнде жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қаласында автобус кәмелетке толмаған қызды қағып кетті. Бала алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.

Қайғылы оқиға сейсенбі, 2 қараша күні кешке болған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше ПАЗ маркалы автокөліктің 50 жастағы жүргізушісі Горький көшесімен келе жатқан. Ер адам қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізбей, белгіленген жаяу жүргіншілер жолында 2007 жылы туған қызды қағып кеткен, ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Алтай аудандық полиция бөлімі Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда көлігінің доңғалағын ауыстырып жатқан жігітті полицей қағып өлтірді 

Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Енді ер адам бес жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін.

Алтай аудандық полиция бөлімі қыздың туған-туыстарына көңіл айтып, көлік жүргізушілерден жолда сақ болуды, жол қозғалысы ережелерін, оның ішінде белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауды сұрады.