Өңірлер

Кезектен шығып қалған: Қарағандыда 200-ден астам тұрғын баспанаға қол жеткізе алмай жүр

Шенеуніктердің айтуынша, техникалық себепке байланысты тізім әкімдік базасынан eGov порталына көшірілмеген
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Қарағандыда әлеуметтік қорғалмаған санаттағы 249 отбасы жеңілдетілген ипотеканы рәсімдей алмай отыр, себебі олар eGov порталында тұрғын үйге кезекте тұрғандар тізімінен шығып қалған.

Шенеуніктердің айтуынша, техникалық себепке байланысты тізім әкімдік базасынан eGov порталына көшірілмеген, деп хабарлады AIBAT ақпарат қызметі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @aibatnews

"Маған кезектен шығып қалған адамдар туралы барлық деректі жинайтын арнайы комиссия құрылатынын айтты. Содан бері бір айға жуық уақыт өтті. Ол тұрғындарға ешкім хабарласпады, ешкім деректер жинамады", - дейді "Шаңырақ" көп балалы отбасыларды қолдау орталығының басшысы Ләззат Қожахметова.

Электронды үкімет порталындағы тізімнен өзін таба алмағандардың бірі – Гүлім Кеңесбай. Оның мүгедектігі бар. Ол бірнеше жерде жұмыс істеп, ипотекаға баспана рәсімдеуді жоспарлаған.

"Мен өтініш бере алмаймын, өйткені мен әкімдікте кезекте тұрмын, ал eGov-та тізімде жоқпын. Басты мәселе осы. Қарағанды қаласы әкімдігіне барып, өтініш жаздым. Олар мені ХҚКО-ға жібереді. Олар да бұл техникалық ақау деп айтты", - дейді Гүлім Кеңесбай.

Оның айтуынша, бұл жағдай шамамен бес айға созылған.

Шенеуніктер техникалық ақауға байланысты тізім әкімдік базасынан eGov порталына ауыспағанын айтты. Алайда бәрін базаға тіркеуге уәде берді.

"2020 жылы Қазақстанда бірыңғай база – сервистік бағдарлама құрылды. Кей азамат техникалық себептерге байланысты бұл тізімге енбеген. Біз осы тізімді жинақтап, бағдарлама құрушыларға жібердік. Қазір Қарағанды облысында тізімді түгендеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл азаматтар кезектен шығып қалған жоқ. Олар біздің тізімде тұр", - деп түсіндірді Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Әділ Әубәкіров.