НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында көмір алуға келген ер адам өзін-өзі өртеуге баратынын мәлімдеді. Оқиға орнына полицияны шақыруға тура келді.
Өскемен қалалық полиция бөліміне көмір түсіретін жерде көлік жүргізушісінің жолды жауып қойғаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына бірден полиция жасағы аттанды. Олар канистра ұстап тұрған ер адамды көрді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан YK-news.kz порталына сілтеме жасап.
Ұлан ауданының тұрғыны бірнеше күн бойы көмір кезегінде тұрған. Содан жүйкесі сыр беріп, көмірді сатпаса, өзін-өзі өртейтінін мәлімдеді.
"Біз әкімдік қызметкерлерімен бірге онымен сөйлесіп, канистраны алып қойдық. Көмір базасының басшылығымен сөйлестік. Сөйтіп, ол кісі көмір сатып алды. Кезекті тұрғандар қарсы болған жоқ", - дейді тәртіп сақшылары.
Бірақ ер адам жолды бөгеп тастағы үшін айыппұл төлеуге міндеттелді. Оның көлемі – 29 170 теңге.
Айта кетері, соңғы кезде көмірге қатысты дау-дамайлар жиілеп кетті. Алматы облысында әйел жүк тиегіштің шөмішіне мініп алған болатын. Сол үшін көлік жүргізушісі жазаланды.
Бұған дейін тура сол Кербұлақ аудандық әкімдігінде шу шықты. Жанжалдың арты төбелеске ұласып кете жаздады.