Экономика

Қаржы пирамидасынан зардап шеккендерге 2,3 миллиард теңге қайтарылды

Қазақстанда жыл басынан бері 15 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.  

Жанат Элиманов президентке көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шаралары туралы баяндады. Биыл 490 қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде жалған шот-фактура жазып беру мен қылмыстық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырудың 28 фактісі бар. Бұның барлығын ұйымдасқан қылмыстық топтар жасады. 

Бұдан бөлек, жыл басынан бері қаржы мониторингі агенттігі 15 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Зардап шеккендерге 2,3 миллиард теңге қайтарылды.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуге тапсырма берді. Сондай-ақ азаматтарды қаржы пирамидаларына тартуға жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау керектігін айтты.

Агенттік төрағасы президентке тәуекелдер бойынша жасалған ұлттық бағалаудың қорытындылары бойынша есеп берді. Оның айтуынша, ФАТФ-тың бірқатар маңызды ұсыныстарын ұлттық заңнамаға енгізуге мүмкіндік беретін заң жобасы парламенттің қарауында жатыр.

Тоқаев қылмыстық жолмен түскен табыстарды жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Себебі қабылданған шаралар кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылдардың Basel AML Index индексі бойынша әлемдік рейтингтегі Қазақстанның орнын жақсартты.

Оқи отырыңыз: