Қоғам

Танымал блогер жөндеуден өткен Ақорданың ішін көрсетті – видео

Әлішер Елікбаев президенттің қатысуымен салтанатты және ресми іс-шаралар өтетін Ақорданың залдарын аралады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Қазақстанға танымал коммуникациялар жөніндегі маман Әлішер Елікбаев Нұр-Сұлтанда орналасқан Ақорда резиденциясының ішін көрсетті.

Блогер он минуттық бейнероликте ресми тұлғалардың қатысуымен салтанатты шаралар өтетін негізгі алты залды аралады.

"Ақорда аумағына кіру әрқашан қиын болатын, ал қазір пандемияға байланысты одан да қиын. Біз бір күн бұрын ұшып келіп, ПТР-тест тапсырдық, теріс нәтижесін күттік, Ashyq арқылы кірдік, бізді дезинфекциялады, содан кейін ғана ішке кіруге мүмкіндік алдық", - дейді Әлішер сарай ғимаратына кірмес бұрын.

Блогер, ең алдымен, орталық парад залына экскурсия жасады. Бұл холлда құрметті қарауылдың қатысуымен іс-шаралар өтеді. Төбенің биіктігі – 12 метр. 600 шамы бар 6 метрлік люстра залдың сәнін келтіріп тұр.

Қазақстандық журналистерге жақсы таныс баспасөз мәслихаттары өткізілетін залға жөндеу жасалған. Бұрынғы ақшыл сары креслолардың орнына алтын түстес ою-өрнекпен безендірілген орындықтар қойылған. Күмбез тәрізді зал киіз үй стилінде жасалған.

Оқи отырыңыз: Ақорда үстіндегі таңғажайып құбылыс видеоға түсіп қалды

Сондай-ақ Әлішер Елікбаев президенттің атақтары мен мемлекеттік наградалар табысталатын салтанатты залды көрсетті.

Ақордадағы ерекше орын – қысқы бақ. Оның терезесінен елорданың сол жағалауын тамашалауға болады. Сарайдағы қысқы бақта жабық келіссөздер өткізіледі немесе президенттің қабылдауына келген адамдар сол жерде күтеді.

Сондай-ақ Елікбаевтың Youtube-тегі "Два метра" каналындағы роликтен қызыл кілем төселген мәрмәр баспалдақты, мәрмәрдің жиырма түрінен безендірілген мәрмәр залын, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – елордаға Алматыдан 1997 жылы әкелінген ту мен елтаңба тұрған үшінші қабаттағы холлды көресіз.

"400-ден астам қызметкер тамақтанатын Ақорданың асханасын көрсетіп, борщ бағасын қатты білгім келіп еді. Бірақ, өкінішке қарай, карантинге байланысты асхана жабық. Қызметкерлердің дені тамақты үйінен әкеледі, енді бірі сыртта түстенеді", - деді Әлішер түсірілім кезінде.

Президент сарайының тағы бір айрықша залы – шығыс залы. Онда президенттің қатысуымен тематикалық шаралар өтеді.

Айта кетері, Ақорданың құрылысы 2001 жылы басталып, 2004 жылы желтоқсанда аяқталды. Сарай елорданың сол жағалауында, Бәйтерек монументінен 300 метр жерде, Нұржол бульварының бас жағында орналасқан.

Резиденцияның қасында парламент, үкімет үйі, Жоғарғы сот, министрліктер үйі және "Қазақстан" орталық концерт залы бар. Қазақстан президенті Ақордада тұрмайды, ғимарат мемлекет басшысының кеңсесі ретінде пайдаланылады. Бұл жерде ресми, салтанатты кездесулер мен іс-шаралар өтеді.