Оқиға

17 адам жабылып зорлады деген қыз оқиғаның қалай болғанын айтты

Дильноз бәрінінің түрін есте сақтап, атын жаттап үлгеріпті. Жас қызды қорлағандар қарсылық танытқанына қарамай, өлтіреміз деп қорқытқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Түркістан облысында 17 адам жабылып зорлағанын айтқан 17 жастағы қыз оқиғаның қалай болғанын баяндады.

Жәбірленуші Дильноздың айтуынша, сол күні сыныптас қыздарымен базарға киім көруге барыпты. Қайтар жолда танысы үйіңе жеткізіп саламын деп көлігіне мінгізіп алған. Танысы оған жолда су берген. Әрі қарай ештеңе білмейді. Тек есін жиғанда өзен жағасында тыр жалаңаш жатқанын көреді. Бұл туралы "Астана" хабарлады.

"Алдымен өзеннің жағасында зорлады. Кейін бір үйде зорлады. Сол жаққа балаларды шақырды, кейін бақшаға алып барды. Сол жақтан басқа бір үйге келдік", - дейді Дильноз.

Төрт күннің ішінде кемі 17 еркек келді дейді Дильноз. Бәрінінің түрін есте сақтап, атын жаттап үлгеріпті. Жас қызды қорлағандар қарсылық танытқанына қарамаса керек. Қатты қорқытты дейді қыз.  

"Бекзат, Данияр деген бала кетсең өлтіріп, суға тастаймыз, ешкім таппайды деді. Қорықтым", - дейді жәбірленуші.

4 күн жоғалып, үйіне келген қызының түрін анасы Санавар ешқашан ұмытпайтынын айтады. Соқталдай жігіттер оны мүлдем аямаған дейді ол. Матап байлағаннан білегі көгеріп, көйлегінің дал-дұлы шыққан көрінеді. Бұл сұмдық мамыр айында болғанмен әлі күдіктілер бостандықта жүр деп ашынады қыздың анасы. Істі созбалаңға салуға полиция өкілдерінің бір қатысы бар ма деп те қауіптенетінін жасырмады.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында ауыл тұрғыны қызын 17 еркек зорлағанын айтты 

Санавардың айтуынша, әу баста кешірім сұрап қайта-қайта келгендер моралдық шығын ретінде 8 миллион теңге ұсынған. Оны жасырмаймын дейді.  Бірақ "қызыңның болашағын ойла, оқуға түсіріп, куәлігін алып береміз" дегендер кешірім алғасын уәдеде тұрмағанын айтады.

Жәбірленушінің қорғаушысы іс қысқармағанмен тым созылып кетті дейді. Сондай-ақ басында-ақ сараптама дұрыс жасалмағанын айтады.

Ал полиция алғашқыда бұл істі "адам ұрлау" бабымен тіркегенмен, қазір "зорлау" бабымен қайта тергеп жатыр.

"Түркістан облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы қазіргі таңда тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалған. Қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады", - деп түсіндірді Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Жәбірленуші тарап бүгін де полицияның қабылдауында болды. Адвокаттың айтуынша, күдіктілермен беттескен.  Ал негізгі айғақ – қыздың киімдері қазір жоқ. Оларды анасы өртеп жіберген. Себебі қыз өзіне бір емес алты рет қол салмақшы болған көрінеді.