Экономика

Қазақстанда депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі бекітілді

Үш және алты айға ашылған мерзімді және жинақ депозиттер бойынша максималды мөлшерлеме аздап көтерілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша –  Sputnik. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені өсіруіне байланысты теңге депозиттері бойынша 2021 жылдың қараша айындағы ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін қайта қарап, желтоқсанға ұсынылған мөлшерлемені бекітті", - делінген ресми хабарламада.

Осылайша үш және алты айға ашылған мерзімді және жинақ депозиттер бойынша максималды мөлшерлеме аздап көтеріліп отыр. Ал 12 айға ашылған жинақ депозиттері бойынша максималды мөлшерлеме нарықтық мөлшерлеменің өсуіне байланысты желтоқсан айында 0,1 процентті тармаққа ұлғайып, толықтыру құқығы бар депозиттер бойынша 12,7%-ті, толықтыру құқығы жоқ депозиттер бойынша 13,9%-ті құрады.

Базалық мөлшерлеме тағы өсті

25 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы көтеруге шешім қабылдаған болатын. Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. проценттік дәлізімен жылдық 9,75% деңгейінде белгіледі.

Оқи отырыңыз: Депозиттегі ақша зейнетақы есепшотына аударылады – БЖЗҚ себебін түсіндірді 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерудің себебін былай түсіндірді: 2021 жылы инфляция бұған дейінгі болжамнан жоғары, яғни, 7,5-8,5 проценттен асып кеткен. Оған қоса әлемдік нарықтағы бағалар өсті.

Сауда жағынан серіктес елдердің инфляциясы күшейді. Сондай-ақ халық арасындағы жоғары инфляциялық болжамдар жағдайды қиындатып отыр.