Өңірлер

"Қорқып кеттім": Атырауда жол үстінде қылмыс жасаған жүргізуші әйел ұсталды

Ұсталған әйел кінәсін мойындап, жол апаты болған жерден қатты қорыққандықтан қашып кеткенін айтты. Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 қазан – Sputnik. Атырау полицейлері жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні анықтады.

Жол апаты 29 қазан күні сағат 21:30 шамасында болған. Атырау қаласының полиция басқармасына қала тұрғыны қоңырау шалып, Өркен шағын ауданындағы Сатыбалдиев көшесінде BWM маркалы автокөлік жол жиегіндегі жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткенін айтты, деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"Бұл факті бойынша патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметі жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 16 жастағы жасөспірімді қағып кеткен жүргізушіні анықтады. 33 жастағы әйел кінәсін мойындап, жол апаты болған жерден қатты қорқып кеткендіктен қашқанын айтты", - деп хабарлады полиция.

Жол апаты салдарынан жасөспірімнің аяғы сынған, ол облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.

Полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Жол апатына кінәліге 160-2000 АЕК (466 720 – 5,8 миллион теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе қылмыстың ауырлығына қарай он жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Оқи отырыңыз: