АЛМАТЫ, 29 қазан – Sputnik. "Қазақконцерт" ұйымына Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың есімі берілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"2022 жылы қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 толуына орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтау үшін шараларды қабылдауды тапсырды. Қазақконцерттің атауы үкіметінің 2021 жылдың 17 тамызындағы "Қазақстан мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларының кейбір мәселелері туралы" №564 қаулысына сәйкес ауысты", - деп хабарлады "Қазақконцерт" ұйымының баспасөз қызметі.
Ұйым басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы ұйымға Роза Бағланованың есімін беру бастамасын өнер адамдары бірауыздан қолдағанын жеткізді.
"Қазақконцерт" тарапынан ұйымға Роза Бағланованың есімін беру мәселесін қарастыру жөнінде мәдениет және спорт министрі атына хат жолданды. Бұл бастаманы Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов бастаған халық әртістері, "Қазақконцерт" құрамында өнер көрсетіп жүрген еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет үздіктері мен жас таланттар бірден қолдады", - деді ол.
Сондай-ақ ұйым басшысы бұл шара Роза Бағланова есімінің ұлт жадында, келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталуына үлес қосатынына сенім білдірді.
Роза Бағланованың 100 жылдығы
Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген.
Мектеп бітірген соң, 1939 жылы Роза Қызылорда педагогика институтына түседі, бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға байланысты сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауысады. Әншінің бойжеткен шағы ашаршылық пен аласапыран жылдарға дөп келеді.
Ташкентте жүргенде оның ерекше дауысы бірден көзге түседі. Содан кейін Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болған.
Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. Бірақ ол барлық концертте Өзбекстан атынан шығып жүреді. Бір күні Өзбекстандағы керемет әнші қазақ қызы туралы Жұбан Молдағалиев естиді. Роза Бағланованың Отанына оралуына тікелей себепші болған да осы кісі. Қазақ ақынының қолдауымен 1949 жылы Роза Бағланова елге оралады.
Роза Бағланова 1947-1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды. 1960 жылдан бастап "Қазақконцерттің" әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы, қазақ өнерінің майталман күміскөмей әншісі Роза Тәжібайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында 2011 жылы 8 ақпанда дүние салды.
"Қазақконцерт" тарихы
"Қазақконцерт" – 1960 жылы Жамбыл атындағы филармонияның эстрада секторы негізінде қазақ халқының музыка мәдениеті мен мұрасын насихаттау мақсатында құрылған мәдени мекеме. Дәл осы жылы "Қазақконцерт" филармониядан бөлініп шыққан. Оның алғашқы құрамында Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова секілді халық әртістері болды.
Оқи отырыңыз:
- "Сталин қос бұрымыма мақтау айтты": Роза Бағланова туралы не білеміз - фото
- Келесі жылы Қазақстан Роза Бағланованың 100 жылдығын қалай атап өтеді