Қазақстан мен Ресей 30 жылдың ішінде үлкен жолдан өтті – дипломат

Екі ел арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетіп, рекорд жаңартуы мүмкін
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 қазан – Sputnik. Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің аға кеңесшісі Юрий Мельник Қазақстан мен Ресей арасында одақтас және интеграциялық серіктестіктің тең құқылы, терең қарым-қатынасы орнады деп мәлімдеді.

Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында "2021 жылдағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы: сарапшылар бағасы мен болжамы" деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

"2022 жылы Ресей мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл болады. Осы жылдар ішінде КСРО-дан шығып, қазіргі тең құқықты, терең одақтастық және интеграциялық серіктестік қатынасқа дейінгі үлкен жолдан өттік", - деді Мельник.

Ол 2021 жылы екі ел арасындағы қарым-қатынас серпіні сақталып, әрі қарай дами түсетініне сенім білдірді.

"2021 жыл Ресей-Қазақстан қатынасы үшін мазмұнды, нәтижелі жыл болды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда ғана емес, жалпы кейінгі жылдардағы қарым-қатынастың дамуына негізделген", - деді елшіліктің аға кеңесшісі.

Қазақстан мен Ресей 30 жылдың ішінде үлкен жолдан өтті – дипломат

Мельник Қазақстан мен Ресей биыл тауар айналымы бойынша рекорд жасағанын айтты.

"Биыл тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді. Мүмкін одан да көп көрсеткіш болады. Менің ойымша, бұл тиімділіктің, соның ішінде ЕАЭО-ның бір дәлелі. Себебі біз былтыр пандемия кезінде басқа елдерге қарағанда тауар айналымынан аз айырылдық. Ал биыл өзгелерге қарағанда жылдамырақ қалыпқа келдік", - деді дипломат.

Пандемия екі ел арасындағы қарым-қатынас форматына әсер етті, цифрлық технологияларға негізделген ынтымақтастықтың жаңа форматы пайда болды.

"Біз пандемиямен бірге күресіп жатырмыз. Ресей мен Қазақстан бірінші күннен бастап осы сын-қатермен бірге күресіп жатыр", - деді Мельник Қазақстанда ресейлік "Спутник V" вакцинасы өндірісінің іске қосылғанын еске салып.

Елдер арасында мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру байланыстары да белсенді дамып келеді.

"Қазақстанда жақында Ресейдің мәдениет күндері табысты өтті. Қазір На малой Бронной театры гастрольге келеді. Жақында әйгілі "Қар шоуымен" Слава Полунин келеді", - деді елшіліктің аға кеңесшісі.

Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей Қазақстанда Ресей жоғары оқу орындары филиалдары және Ресейде қазақстандық жоғары оқу орындарының жұмыс істеуіне қатысты үкіметаралық келісім жасасуға дайындалып жатыр.

"Бұл да біздің білім беру байланысымыздың нығаюына қосымша серпін береді", - деп түйіндеді Мельник.