АЛМАТЫ, 28 қазан – Sputnik. Павлодарлық жігітті ұрлап кеткен төрт адам Қарағанды облысында ұсталды, деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
25 қазанда сағат 19.50-де Павлодар полициясына такси жүргізушісінен қоңырау түсті. Ол өз жолаушысын белгісіз үш жігіт күштеп басқа көлікке отырғызып алып кеткенін хабарлаған.
Жедел-тергеу тобы белгісіз адамдар Павлодар қаласының 21 жастағы тұрғынын "Лада Приора" автокөлігіне отырғызып, белгісіз бағытта қашып кеткенін анықтады.
Такси жүргізушісі полицияға бағдар жасады. Дереу "ұстау" жоспары құрылып, өңірдің жеке құрамы мен жақын маңдағы облыстардың полиция департаменттері хабардар болды.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полицейлер 26 қазанда сағат 01.20 шамасында Қарағанды облысы Молодежное ауылының маңында күдікті көлікті анықтады. Онда 2000-2001 жылдары туған төрт күдікті болған. Барлығы ұсталды. Күштеп алып кеткен адам аман табылды", - деді Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("адамдар тобының адамды алдын ала сөз байласуы арқылы адам ұрлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша күдіктінің мүлкі тәркіленіп немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Қылмыстың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.