АЛМАТЫ, 28 қазан – Sputnik. 27 қазанға қараған түні Алматы облысының Пенжім ауылында шағын үй өртеніп кетті. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Мұның алдында дәл осы ауылда мектеп оқушылары арасында жаппай төбелес болды. Полицияның мәліметінше, мектеп ауласына 30-ға жуық адам жиналған.
Ал өрт туралы хабарлама 27 қазанда сағат 22.44-те түсті. Өрт 23.12-де оқшауланды және 23.30-да сөндірілді. Облыстың ТЖД ақпаратына сәйкес, уақытша құрылыстың 44 шаршы метр шатыры жанып кеткен.
"Өрттің алдын ала себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Нақты себебін анықтау үшін оқиға орнына Алматы облысы зерттеу-сынау өрт сөндіру зертханасы жіберілді", - делінген хабарламада.
Алматы облысы полиция департаменті өрт шығуы мүмкін тағы бір себепті атады. Үй иесінің сөзінше, оған пеш жұмысындағы ақау себеп болды, деп хабарлады полиция.
Ауылдағы жаппай төбелес
Полиция департаменті мектеп ауласында жаппай төбелес болғанын растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оған 30-ға жуық адам қатысты, бір жасөспірім зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.
"Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ("бір топ адам жасаған бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ ведомствода түндегі өрттің болған оқиғаға қатысы жоқ екенін нақтылады.
Ауылда қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіліп, жағдай бақылауда тұр, делінген полиция хабарламасында.
Төбелесте жасөспірім зардап шекті
Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы Пенжім ауылындағы мектептегі төбелес салдарынан зардап шеккен 16 жастағы жасөспірімнің жағдайын айтты.
Дәрігерлердің айтуынша, 2005 жылы туған науқас 27 қазанда Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханаға түскен.
"Науқас ашық бас сүйек-ми жарақатын алған, соған байланысты жағдайы ауыр", - деп хабарлады басқарма.
Жасөспірім мидың ауыр жарақатын алған, оған екінші не үшінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған. Есін біледі.