Дерекқор

Ерлер мен әйелдер ертеректе қандай аяқ киім киген – фото

Қазақ халқының ерлері мен әйелдері киген аяқ киімнің түрлері туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Қазақ халқының ұлттық киімі қатарына ертеректе киген аяқ киім де кіреді. Кей деректе қазақ халқының ертедегі аяқ киімдеріне тән ерекшелік ретінде түзу жайпақ қалыптарының оң аяққа да, сол аяққа да сәйкес келетіндігі айтылады.

Ерлер аяқ киімінің ерекшелігі

Қазақ халқының ерлері киген аяқ киім оңы мен солын ажыратпай киетіні арқылы ерекшеленген. Мұндай аяқ киімдер ұзақ уақыт бойы киілген. Қазақ халқының етіктерінің оң сыңарының сол сыңарынан ажыратылатын түрлері кейінірек, Еуропа мәдениетінің әсерінен пайда болды.

Көшпелі қазақтар арасында ең көп таралған ерлер аяқ киімінің негізгі түрі – саптама етік. Ол үй жағдайында иленіп, өңделген былғарыдан жасалған.

Ерлер мен әйелдер ертеректе қандай аяқ киім киген – фото

Саптама ішінен балтырды және тізені аяздан, желден сақтап тұратын киізден тігілген байпақ киілген. Аяқ киімдердің ең жоғары сапалы түрі ретінде көксауыр есептелген. Ол ең сапалы жасыл түсті шегреннен, жұмсартылған былғарыдан дайындалған. Мәсіні, негізінен, қариялар киген, сыртқа шығарда мәсінің үстінен кебіс кию міндетті саналған.

Кейінгі кезде өндіріс фабрикаларында шығатын "азиаттық" деп аталатын, резеңкеден жасалатын кебістер қолданысқа түскен.

Кедейлердің киген аяқ киімдері иленбеген теріден жасалған сандалдар, шоқай деп аталған. Олар сондай-ақ тас үстінде жүргенде шоқайды күтіп кию үшін сыртынан шарық деп аталатын етік киген.

Ерлер аяқ киімінің түрлері

Саптама етік — ішіне киізден астар салып, былғарыдан тігілетін жылы аяқ киім.

Ол қыс бойы далада қызметте болатын малшы мен аңшыларға қолайлы аяқ киім. Саптама етік жылқының, сиырдың терісінен иленген былғарыдан, көннен тігіледі. Ол түзу табан және қисық табан болып келеді. Оның өкшесі аласа, қонышы тізені жауып тұрарлықтай ұзын болады. Ал басының ойындысын қонышының ойындысына дәл келтіріп, тігісін ішіне қаратып қос тарамыспен тігеді. Басын қондырған соң оның қонышын қусырады. Етіктің қонышын қусырғанда етік жылы әрі берік болу үшін тігістің арасына жіңішке былғары таспадан сыздық салып, қос тарамыспен жиі етіп тігеді. Етіктің басы қондырылып, қонышы қусырылып болғаннан кейін етікті қалыпқа тартады. Ол үшін, ең алдымен, қалыпқа өлшеп жұқа былғарыдан іштік немесе ішкі ұлтан қиып алып, оны ағаш шеге мен қалыптық табанына бірнеше жерден шегелеп бекітеді.

Оқи отырыңыз: Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото

Етік басының сіріөкше деп аталатын бөлігіне жұқа былғарыдан астар салып, екі арасына қайыңның тозынан не қатты сіріден қос астар салып, қабаттап қайып тігеді. Бұдан соң етіктің басын қалыпқа кигізіп, жіңішке тарамыспен оның шетін іштікке айналдыра көктейді. Етіктің табанына суық өтпеу үшін ішкі ұлтан мен сыртқы ұлтанның арасына бірнеше қабат көн салады. Қос ұлтан салынып болған соң сыртқы ұлтанды шегелейді. Ұлтан қопарылмау үшін етіктің үзеңгілігіне дейінгі бөлігіне шеге екі қатар қағылады да, үзеңгілігінің тұсынан бастап өкшесіне дейін бір-ақ қатар қағылады.

Саптама етіктің өкшесі аласа болады. Өкше тозбау үшін оған нәл қағады. Саптама етікті әдетте кең етіп тігеді. Күннің райына қарай етікті бір байпақпен де, қос байпақпен де киеді.

Байпақ – жұмсақ жүннен тоқылып немесе киізден басылып жасалған, етіктің ішінен киетін жылу сақтайтын аяқ киім.

Саптама етіктің ішінен киілетін ақ киізден жасалған байпақ қыстың суық, боранды күнде алыс жолға шыққанда киіледі.

Қыста киетін байпақтың киізі қалың, жазда киетін байпақтың киізі жұқа болады.

Көксауыр – жылқы терісі мен серке терілерінің сауырынан жасалатын аяқ киім. Көп жағдайда ол көк, кейде қызыл, сары, жасыл түстермен боялып, өң беті жалтырап тұрады. Көксауырға алтын, күміс, жез шегелер қағып, кейде маржан моншақ жүргізіп, өкше артына, тұмсығына, қоныштың әр жеріне түрлі асыл тастармен әсемдейді.

Ерлер мен әйелдер ертеректе қандай аяқ киім киген – фото

Кебіс – мәсінің сыртынан киюге арналған, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киім. Тігілуіне, жайпақтығына қарай көксауыр кебіс, шоңқайма кебіс, шекшек кебіс деп атаған. Жайпақ кебісті ер адамдар киген. Көксауыр, шоңқайма кебістерді қыз-келіншектер киетін болған. Бұрын кебісті галош орнына киген. Басын жұмсақ қара былғарыдан, табанын қатты ұлтаннан жасаған, биік өкше етіп тіккен. Оны оюлармен әшекейлеген.

Қазақ әйелдерінің аяқ киімі

Зерттеушілер қазақ әйелдерінің аяқ киімінің ерекшелігі ретінде оның түзу жайпақ қалыптарының оң аяққа да, сол аяққа да сәйкес келетінін айтады. Және мұндай аяқ киімдер өте мықты болған, ұзақ киілген.

Ерлер мен әйелдер ертеректе қандай аяқ киім киген – фото

Жұқа жазғы аяқ киімдер былғарының жұқа сортынан, қысқы аяқ киімдер өте жақсы өңделген, қалың былғарыдан жасалған.

Әйелдердің ұлттық аяқ киімі нәзік, сәнді көрінген, олар ерекше әшекейленген.

Оқи отырыңыз: Қазақ әйелдері жасына қарай қандай көйлек киген

Әйелдердің жазғы аяқ киімдерінің ерлер аяқ киімінен ерекшелігі – қонышы қысқа немесе қонышсыз, сандал пішінді болған.

Әйелдер мәсісі былғарының жеңіл және жұқа түрлерінен тігілген, қонышы үлбірмен астарланған, қонышының сырт бетіне басқа түсті былғарыдан ою-өрнектер әшекейленген. Қыздар мен жас әйелдер мәсісінің сыртынан киетін кебістерінің ұшы үшкір және өкшесі биік болған.