Экономика

Зейнетақы қоры қызмет көрсетуге қатысты хабарландыру жасады

Жеке басты куәландыратын құжат жарамсыз болса, онда eGovMobile мобильді қосымшасында құжаттың электрондық нұсқасы шықпайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жеке куәлігін ұмытып кеткен адамдарға да қызмет көрсетілетінін хабарлады. Ол үшін құжаттың электронды нұсқасы болса жеткілікті.

"Ондай мүмкіндік тек Қазақстан азаматтарына және БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өздері келгенде ғана беріледі. Ол үшін смартфондағы еGovMobile қосымшасында жеке кәуліктің цифрлық нұсқасы көрсету керек", - дейді қор мамандары.

Электронды құжатпен бірнеше қызмет алуға болады. Олар:

жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу;

қосымша деректемелерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу;

зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәсілін өзгерту (айқындау).

Мысалы, БЖЗҚ кеңсесіне келген салымшы жеке куәлігін үйде ұмытып кетсе, қор маманына eGovMobile мобильді қосымшасындағы жеке кабинетте бірегей цифрлық кодты хабарлайды. Кейін жеке құжатын электрондық форматта қарауға рұқсат бере алады.

"Ескере кететін жәйт, жеке басты куәландыратын құжат жарамсыз болса, онда eGovMobile мобильді қосымшасында құжаттың электрондық нұсқасы шықпайды", - дейді мамандар.

Ал тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгеннен кейін тағы бірқатар қызметті электронды құжатпен алуға мүмкіндік болады. Олар:

  • зейнетақы төлемдерін тағайындау;
  • зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аудару;
  • инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау.