НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. Бұл туралы спортшының менеджері Зия Әлиев мәлімдеді.
Нұр-Сұлтандағы Jekpe-Jek сарайында өтетін бокс кешінде IBO-ның негізгі чемпиондық белбеуі сарапқа салынады, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Бокс кеші Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Бұл – барша азаматтарға арналған тамаша сыйлық. Ол күні әлемдік деңгейдегі бокс кеші болады. Себебі рингке Қазақстан мен әлемнің ең мықты боксшылары шығады. Басты жекпе-жекте Данияр барын салып, чемпиондық атағымен өз жанкүйерлерін қуантуға тырысады", - дейді Әлиев.
Менеджердің айтуынша, қазақстандық боксшы осы жекпе-жекті ұзақ күтіп, біраз тер төкті. Спортшының командасы да көп жұмыс істеді. IBO да жекпе-жекті ресми түрде растап отыр. Жақын арада қарсыластың аты-жөні белгілі болады.
Данияр Елеусінов – кәсіпқой боксшы, жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental белдеуінің иегері. 18 желтоқсанда өтетін жекпе-жекте жеңіске жетсе, Қазақстаннан шыққан IBO-ның бесінші чемпионы атанады.
Оған дейін осы белбеуді төрт жерлесіміз ұтқан. Олар – Василий Жиров, Геннадий Головкин (IBF мен IBO-ның қазіргі чемпионы), Бейбіт Шүменов пен Жанат Жақиянов.