Дерекқор

2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

2022 жылы елімізде қандай атаулы даталар мен мерейтойлар аталып өтетінін Sputnik Қазақстан материалынан біле аласыздар
Sputnik

Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл

Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының 17-18 ғасырда өмір сүрген үш биінің бірі, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазыбек би 1667 жылы Сырдария өзенінің  бойында туған. Орта жүздің арғын тайпасы, оның ішінде қаракесек руынан шыққан.

Табиғатынан зерек, алғыр бала білімді ортада кемелденген. Естігенін, көргенін зердесіне тоқып, шешендік қабілеті де ерте ашылған. Сол арқылы айналасындағыларды еріксіз елең еткізген. 17 ғасырдың 80-жылдары Қазыбектің есімі кеңінен тарай бастады. Уақыт өте келе Қазыбек би қазақ хандығының өміріне, ішкі-сыртқы саясатын анықтауға, қоғамның бейбіт дамуын қамтамасыз етуге зор ықпал етті. Тәуке хан тұсында "Жеті жарғыны" түзуге атсалысты. Төле би, Әйтеке би үшеуі "Жеті жарғыны" жазып, сол арқылы ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамай, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.

Қаз дауысты Қазыбек бидің шешендік сөздері әлі күнге дейін мәнін жоғалтпаған. Соның бір мысалы ретінде "Кім жақын, не қымбат, не қиын?" деген сұраққа Орта жүздің биінің берген жауабын айтуға болады:

Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын,

Алдыңа тартқан адал асын –

Қимас жақын қарындасың.

Сыбайлас болса, нағашың жақын,

Адал болса, досың жақын.

Жан серігің жас кезіңнен

Бәрінен де әйелің жақын.

Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт-берекең – атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат,

Асқар тауың – әкең қымбат.

Мейірімді апаң қымбат,

Туып-өскен елің қымбат.

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат, деген.

Қазыбек би 1764 жылы 97 жасында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсінген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахет Ясауи кесенесіне жерледі.

Дулат Бабатайұлының туғанына 220 жыл

Дулат Бабатайұлы – 1802 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сандықтас қонысында туған ақын. Ақынның өлеңдері, негізінен, дидактикалық негізде жазылған.

Дулат Орта жүз құрамындағы найман тайпасының қаракерей сыбан руынан шыққан. Оның кей өлеңі 1880 жылы алғаш рет "Өсиетнама" деген атпен Қазан қаласында жарық көрген. Ақынның "Еспенбет" поэмасы алғаш рет 1957 жылы "Жұлдыз" журналының №5 санында жарияланды.

Оқи отырыңыз: Барыс жылы: 2022 жыл қандай болады

Дулат шығармаларын барынша зерттеген филолог Құлмат Өмірәлиев болды. Ақынның жеке жыр жинағы "Замана сазы" деген атпен 1991 жылы жарық көрді. Дулаттың өлең-жырларының басты сарыны – 19 ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсету.

Ақын "Тегімді менің сұрасаң", "О, Сарыарқа, Сарыарқа", "Асқар таудың сәні жоқ" секілді жырлары мен жеке кісілерге айтқан "Сүлейменге", "Бараққа", "Кеңесбайға" деген арнау өлеңдерінде қазақ жерінің отарлануын сөз етеді:

"Сауыр жерден айрылып,

Қазақ елі жұқарды...

Орыстың көрсе ұлығын,

Қыздан дағы қылықты...

Майырдың алса бұйрығын,

Борбайға қысып құйрығын,

Ел пысығы жортады", деген.

Дулат Бабатайұлы 1874 жылы өзі туған жерде дүниеден өтті.

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының туғанына 220 жыл

Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген әскери қолбасшы, қазақтың 1837-1847 жылдарындағы ұлт азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы.

Кенесары Абылай ханның қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің қызынан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен туған. Кенесары өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленеді.

Кенесарының саяси көзқарасы Ресей империясында Петр І  билігі кезеңінде басталған Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастар негізінде қалыптасты.

2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

1841 жылы Кенесары хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен қатар билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды.

Тарихи деректерде Кенесарының 1847 жылы қырғыз жеріндегі Кекілік-Сеңгір аңғарында ұсталып, Жамбы ауылында кісі қолынан өлгені, қырғыздар денесін сонда қалдырып, бас сүйегін Омбыдағы Батыс-Сібір аймағының генерал-губернаторы – князь Петр Горчаковқа апарып бергені айтылады.

Алайда соңғы ханның сүйегі әлі табылған жоқ. Тарихшылардың айтуынша, Кенесары ханның бас сүйегі Санкт-Петербургте өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін Эрмитажда тұрған. Оны ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да көрген. Ал одан кейін қайда кеткені белгісіз. Ғалымдар біраз музейді аралап шыққан. Бірақ ханның сүйегін таппады.

Әсет Найманбайұлының 155 жылдығы

Қазақтың суырыпсалма ақыны Әсет Найманбайұлы 1967 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қызыл-арай ауылында туған. Найманбайұлының әнші-композитор болу жолы 14-15 жасында басталған. Әсеттің әке-шешесі кедей, шаруа адамдар болған. Айтысқа шыққан кезде қарсыластары ақынның кедейлігін бетіне басқан. Алайда ол қара сөзден жаңылмай, ұтымды жауап тапқан.

Әсеттің айтыс ақыны ретінде өнері Ырысжанмен айтыс кезінде көрінеді. Ол кезде Әсет 18 жаста болған. Сонда жас та болса Әсет қыздың қойған жұмбағын қиналмай шешеді. Бұдан ақынның білімі аңғарылады. Осылайша Әсет пен Ырысжанның айтысы көркемдігі мен сөз қолдану шеберлігі бойынша Біржан мен Сара айтысынан кейінгі озық туынды болып, қазақ айтыс өнерінің алтын қорына енді.

Оқи отырыңыз: "Үкіметке өкпем жоқ": жазушы Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті

Ол Ырысжаннан басқа Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмет ақындарымен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің "Салиха-Сәмен", "Ағаш ат", "Перизат", "Үш жетім қыз", "Нұрғыман-Нағым", "Мәлік-Дарай", "Жұмсап", "Кешубай" атты қисса дастандары бар. Ол Пушкиннің "Евгений Онегин" романын аударып, оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны оның әндері. Ол Біржан сал мен Ақан сері дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып, дамыта түсті.

Әсет 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болды.

Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл

Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасатын жақын адамдарының бірі болған. Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына қызығушылығын оятқан да осы атасы еді. Мұхтар дүние есігін ашқанда, Абай Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға барған деген де естеліктер бар.

Мұхтар 11 жасқа келгенде әкесі Омархан қайтыс болады. Осыдан кейін Мұхтар ауылдан қалаға немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер даярлайтын семинарияда төрт жыл оқиды.

Әуезов Семейде "Алаш жастары" одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. 1918 жылы мамырда Омбыда өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Семейде "Абай" ғылыми-көпшілік журналын, "Қазақ тілі" газетін шығаруға атсалысқан. 1919 жылы семинарияны тәмамдап, қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласады. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түсіп, "Шолпан" және "Сана" журналдарына жұмысқа орналасады.

Жазушының "Қыр суреттері", "Қыр әңгімелері", "Үйлену", "Оқыған азамат", "Кім кінәлі", "Заман еркесі" әңгімелері осы басылымдарда жарық көрген. 1923 жылы маусымда Ленинград мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет бөліміне түседі. 1924-1925 жылдары аралығында Семейдегі мұғалімдер техникумында оқытушы болып істейді. Осы аралықта "Таң" журналын шығарады. 1925 жылы Ленинградқа оралып, оқуын қайта жалғастырады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды. Бұдан бөлек Қазақ ағарту институтында сабақ берді. 1934-1961 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарды.

20 жасында Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы "Еңлік-Кебекті" жазды. Шекспирдің Ромео мен Джульетта туралы хикаясымен желілес бұл пьеса күні бүгінге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді. "Еңлік-Кебек" ең алғаш 1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің ауылында сахнаға қойылса, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты.

Қаламгердің көптеген көркем әңгімесі, тұңғыш пьесалары Семейде жазылып, Семейде сахналанды.

Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын "Абай" (1942 жылы, 1947 жылы), одан кейін мұның жалғасы ретінде "Абай жолы" (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952 жылы, 1956 жылы) романын жазды.

Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада операция кезінде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.

Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл

Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған. "Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын. Әке-шешемнің жыл қайырып айтуы бойынша 1902 жылы тусам керек", деген жазушы өзінің өмір белестері туралы айтқанында.

Жас кезінде ауылдағы молдалардан хат таныған, 1916 жылы Спасск зауытында табельщик болып істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл орысша оқыды. Екінші жылы сол зауыттағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне түскен. Алайда осы мектепті бітірген соң жазушының әрі қарай білім алуға мұршасы болмаған.

Ғабиден Мұстафиннің Қызылордадан шығатын "Еңбекші қазақ" газетінің бетінде тұңғыш рет жарық көрген еңбегі – "Таң келеді". Басты кейіпкері – шаруа.

1927-1928 жылдары "Жыл құсы" журналында Ғабең "Сәрсен мен Боқаш" деп аталатын алғашқы әңгімесін жариялады.

1929 жылы "Ер Шойын" әңгімелер жинағын баспадан шығарды. Содан кейін Сәкен Сейфуллиннен басқа әдебиетшілер Ғабиден Мұстафинге әдебиет майданында қағажу көрсете бастайды. Газет-журналдар Мұстафиннің еңбектерін жариялаудан бас тартқан. Қаламгер естеліктерінде "Жазғаным өтпей қойған соң 1930 жылы май айының ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім" деген.

Оқи отырыңыз: "Байыған соң қызын бергісі келмей қалды": жазушы Ғабиден Мұстафин жайлы деректер

Қарағандыда үш жыл жұмысшы болып істегеннен кейін 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдар Ғабиден Мұстафинді "Қарағанды пролетариаты" газетіне жауапты хатшы етіп тағайындаған. Бірақ жазушы ол жерде көп жұмыс істемеді. Новосибирь қаласында "Қызыл ту" деген жаңа газет шығатын болып, сол жылдың мамырында өз қалауымен сол жаққа ауысады. 1938 жылдың аяғына дейін сол жерде жұмыс істеген.

1938 жылы "Өмір мен өлім" деген атпен Қарағанды тақырыбында роман жазуға кірісті.

Мұстафиннің қаламынан туған "Өмір мен өлім" (1940 жыл), "Шығанақ" (1944 жыл),  "Миллионер" (1948 жыл), "Қарағанды" (1952 жыл) романдары жиырмасыншы ғасырдың аса елеулі шындығын бейнелейді. Автор "Шығанақты" басы-аяғы 4-5 ай ішінде жазса, "Миллионерге" үш-төрт ай, "Қарағандыны" жазуға жылға жуық уақыт жұмсаған. Ал "Дауылдан кейін" романына екі жыл уақыт бөлген. Бұл романы туралы қаламгер "Қапы кеткенім аз болар, жеріме жетіп тоқтаған сияқтымын" дейді.

Ғабиден Мұстафин шығармашылықпен қатар қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, алтыншы сайланған КСРО Жоғары кеңесінің депутаты, 4-5, 8-10 Қазақ КСП Жоғары кеңесінің депутаты болды. Екі рет Ленин орденімен, ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл ту орденімен марапатталған.

Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл

Ғабит Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған аты – Ғабді әл-Ғабит. Бұл арабша "Құдайдың құлы" деген мағынаны білдіреді. Қаламгердің әкесі Махмұт діни сауатты, өз ортасында беделді, парасатты адам болған.

2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

1908-1910 жылдары өз ауылында молдадан оқып, арабша хат таниды. 1916 жылы Ғабитті нағашысы Оңғарбай шаруаға көмектесуге алып кетеді. Артынша Ақпан көтерілісі басталып, әскерде жүрген Оңғарбайдың балалары елге оралады. Осыдан соң, шаруадан қолы босаған Мүсірепов ауылдағы Ыбырай Алтынсарин жүйесімен ашылған орысша-қазақша бастауыш мектебінде оқиды. Онда ол белгілі ұстаз Бекет Өтетілеуовтен дәріс алады.

1918-1921 жылдары Пресногорьков станциясындағы жоғары жеті жылдық училищеде орысша білімін шыңдайды. Ал 1923 жылы ол жазушы Сәбит Мұқановпен бірге Орынбордағы жұмысшы факультетіне оқуға түседі.

Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің жас айырмашылығы бар болғаны екі жас. Жазушы өзінің "Автобиографиялық әңгімесінде" әдебиетпен шұғылдануына кім түрткі болғанын былайша баяндайды:

"Менің кітапқа деген құмарлығымды, азды-көпті сынай алатынымды байқап, Сәбит маған "жазуға кіріс" деп мазалап жүрді. "Сәкеннің көрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым. Бейімбет пен Сәкеннің өлеңдерін газет-журналдардан оқи бастадым. Бейімбеттің "Шұғаның белгісі" бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Ішімнен жазуды қаласам да, қолым бармай жүрген".

Қазақ әдебиетінің проза саласында екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туындыны Ғабит Мүсірепов жазды. Майдан шындығы көрініс тапқан "Қазақ солдаты" туындысы оның тұңғыш романы болды. Қаламгер бұл романды 2-3 рет өңдеген.

"Мен соғыс отын кешкен жоқпын. Майдан сұрапылының суреттерін көз алдыма ақылмен елестетіп жаздым. Шығарманы бірінші жақтан әңгімені геройымның өзіне айтқызып отырып, баяндаған тәсілім де сондықтан еді", - дейді жазушы өз естелігінде.

Ғабит Мүсірепов "Амангелді" атты бірінші қазақ киносының сценарийін жазуға өз үлесін қосты (Вс. Иванов, Б.Майлинмен бірге). "Махаббат туралы дастан" және екі сериялы "Қыз Жібек" фильмдерінің сценарийін жазды.

1985 жылдың 31 желтоқсанында халық жазушысы 83 жасында өмірден өтті.

Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы

Қазақ халқының сүйікті ұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген. Қазақ және орыс тілдерінде хат таныған сауатты адам болған. Ал анасы Зәуре Баирқызы 1888 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданында өмірге келген. Бар уақытын балалары мен үй шаруасына арнаған.

Дінмұхамед Ахметұлы 1930 жылы Алматы қаласындағы мектепті үздік бітіріп, 1931-36 жылдары аралығында Мәскеудегі түсті металл институтында білім алды. Қайраткер ұл жарты ғасыр уақытта бұрғылау станогінің машинисінен Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.

2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

Димаш Ахметұлы еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту және Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында қызмет істейді. Бірте-бірте қызметте жоғарылап, ғылым академиясының президенті болып тағайындалады. Бұдан өзге партия-кеңес органдарында, Қазақстан компартиясының орталық комитетінде қызмет етеді. 10 жылға жуық қазақ КСР министрлер кеңесінде төрағаның орынбасары, 27 жылдай Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК саяси бюросының мүшесі болады.

Көзі тірісінде үш мәрте социалистік еңбек ері атанып, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болды.

1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.

Зейін Шашкиннің 110 жылдығы

Зейін Жүсіпбекұлы Шашкин 1912 жылы 31 желтоқсанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Жазушы 1930-1933 жылдары Мәскеудің тарих, философия және әдебиет институтында оқыған.

1933-1937 жылы Қарағанды қалалық комсомол комитетінің хатшысы, Семей педагогикалық институтында, ҚазПИ-да оқытушы болды. 1949-1955 жылдары Көкшетаудағы Бурабай санаторийінің "Бармашы" пансионатында дәрігер болған. 1955-1956 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші қызметін атқарған.

1934 жылы "Абай поэзиясының ерекшелігі" атты еңбегі жарияланды. 1940 жылы Есмағамбет Ысмайыловпен бірігіп жоғары оқу орындарына арналған "Әдебиет теориясының оқулығын" жазды. Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ ауылының тарихи-әлеуметтік хәлі әрі 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалыс, жеке адамдардың жан-дүниесі, олардың дүниетанымы суреттелген "Таң атты" (1955 жылы, орыс тілінде), "Ұядан ұшқанда" (1957 жылы), сондай-ақ халықтар достығы, замандастарының өмірі, туған жерге деген сүйіспеншілігі бейнеленген "Темірқазық" (1959 жылы), "Өмір тынысы" (1964 жылы), "Ақбота" (1966 жылы) повестері мен әңгімелер жинақтары жарық көрді.

Оқи отырыңыз: Шоқан Уәлиханов әкесіне жолдаған соңғы хатында не деп жазды

1958 жылы шыққан "Тоқаш Бокин" шығармасы Жетісудағы саяси-әлеуметтік өзгерістерді көрсеткен. 1960 жылы жазылған "Теміртау" романында қазақ әйелінің қоғамдағы алатын орны, оның өндірісті, өнер-білімді, мәдениетті өрге бастаудағы және отбасындағы рөлі, әлеуметтік, этикалық, эстететикалық көзқарастары баяндалады.

Зейін Шашкин 1966 жылы Алматыда қайтыс болды.

Жұмағали Саинның 110 жылдығы

Жұмағали Саяұлы Саин 1912 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Арықбалық ауданы Баян көлінің жағасында туған. Жұмағали 4 жасқа келгенде анасы Бәдігүл, 5-ке келгенде әкесі Сая қайтыс болған соң, балалар үйінде тәрбиеленген.

Жеті жылдық мектепті бітірген соң, бірнеше жыл ауылда сауатсыздықты жою ісіне араласқан. 1930 жыл Мәскеудегі Цветметзолото институтында, 1930-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқыған.

"Лениншіл жас" газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Қазақстан Жазушылар одағында жас жазушылар секциясының меңгерушісі, көркем әдебиет баспасында директор болған. 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысында болып, Украинада партизандар отрядын басқарған.

1942 жылы бір ұрыста Жұмағали Саинның кеудесіне оқ тиіп, өкпесін зақымдаған. Ақын өз шығармаларында партизандық өмірді, соғыс күндерін, ерлікті арқау етті.

Майданда бізге не табыс?

Майданнан қандай олжа алыс?

Майданда кімдер белсенді?

Майданға көзді қадаған,

Майданды сонша балаған,

Олжа не алар ертеңгі?

Майдан не? Қан ба, атыс па?

Майдан – не ұрыс, шабыс па?

Майданға кімдер барады?

Майдан, майдан, майдан деп,

Майданға тегіс сайлан деп,

Кімдер ұран салады?, дейді Жұмағали Саин.

Жұмағали Саин 1961 жылы 28 мамырда 49 жасында ауруы асқынып қайтыс болды.

Шара Жиенқұлованың 110 жылдығы

Шара Баймолдақызы Жиенқұлова – 1912 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында туған биші, педагог. Өнер жолын Қазақ драма театрынан бастаған. Тұңғыш ойнаған рөлі – Бейімбет Майлиннің "Майдан" пьесасындағы Пүліш образы. Содан кейін Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Қарагөзінде" басты рөлді сомдады.

1934 жылы қазіргі Қазақ опера және балет театрына ауысты. Мұнда Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан" музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің "Қыз Жібек", "Жалбыр" және "Ер Тарғын" операларында ұлттық билерді орындады.

2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

1938 жылы Мәскеуде өкен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде қазақтың тұңғыш ұлттық балеті "Қалқаман – Мамырда" Мамырдың партиясын орындады.

1938 жылы "Амангелді" фильмінде Балымның рөлін сомдады.

Шара Жиенқұлова 1968 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Биші 1991 жылы 21 мамырда Алматыда 78 жасында өмірден өтті.

Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы

Майданда есімі асқақтаған батыр қыз 1922 жылдың қазанында Батыс Қазақстан облысы Орал ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы Жасқұс деп аталатын ауылда өтті. Әкесі Жиенғали қоймада күзетші болып, ал анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан.

Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Анасы бала күнінде еркелетіп "Моншағым" деп, кейін Мәнсияның атын айтуға тілі келмей, "Мәншүк" деп кетеді. Құжат алар кезде де батыр қыз өз есімін "Мәншүк" деп жаздырады.

Үш жасында Мәншүкті әкесінің інісі Ахмет пен оның жары Әмина Мәметовалар асырап алады. Ахмет – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер, ал әйелі Әмина – әдебиет пәнінің мұғалімі әрі әдіскер.

Тегін ауыстырған Мәншүк 1931-1938 жылдары Алматы қаласындағы №28 мектепте білім алды. Осы жылдар ішінде Мәншүктің туған анасы мен әкесі бірінен кейін бірі көз жұмған.

1938 жылы дәрігер Ахмет Мәметовке "халық жауы" деген жала жабылып, ату жазасына кесіледі. Осы оқиғадан кейін Мәншүк дәрігер болу арманынан бас тартып, жұмысшы факультетіне оқуға түседі.

18 жастағы Мәншүк әкесінің атылып кеткенін білмей, кеңес үкіметін қорғап, айдаудағы жақын адамын құтқару үшін майданға аттанады. Себебі ол кезде қоғамда "Халық жауының" балалары өз еркімен майданға аттанса, ата-анасының бар жазасы кешіріледі" деген сөз тарады. Осы сөз құлағына тигелі Мәншүк бір жыл бойы әскери комиссариатқа әскерге бару туралы өтініш жазады.

Мәншүк тек 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында болып, соғысқа аттанады. Осы бригаданың құрамында барлығы 4 890 жауынгер болды. Оның ішінде екеуі қазақ қызы – Мәриям Сарлыбаева мен Мәншүк Мәметова.

Пулеметшілер батальонына алынған Мәншүк бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алды. Осы батальон 1943 жылдың күзінде Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысты. Алайда кеңес әскері көп сарбазынан айырылып, кейін шегінеді. Мәншүк осы кезде "Сендер бара беріңдер. Мен кетсем, сендерді кім қорғайды?" деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар ару "Максим" пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды.

Ол 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты. Арада 6 ай өткен соң оған Кеңес одағының батыры атағы берілді.

Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Ақбұзау ауылында туған. Жазушы 1941-1945 жылдары Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері мен әңгіме, очерктері майдан кезінде республикалық, облыстық газеттерде басылды. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін 1949 жылы бітірді.

1953-1979 жылдары қазіргі "Ұлан" газетінің бөлім меңгерушісі, қазіргі "Егемен Қазақстан" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған.

Журналистік қызметпен қатар әдеби жұмыспен айналысты. Жазушының шығармашылық стилі біртіндеп қалыптасып, көзі тірісінде 40-тан астам кітап шығарды. Оның ішінде "Алыстағы ауданда" (1956 жылы), "Тың астығы" (1958 жылы), "Ертіс жағасында" (1959 жылы), "Жомарт өлке" (1960 жылы), "Махаббат жыры"  (1964 жылы), "Махаббат қызық мол жылдар" (1970 жылы), "Ақиқат пен аңыз" (1976 жылы), "Екі естелік" (1985 жылы), "Өмір өрнектері", "Қаламгер және оның достары" (2000 жылы), "Мәңгілік махаббат жыры" (2005 жылы) еңбектері бар.

Оқи отырыңыз: "Күтпеген жағдай болды": ХХІ ғасырдың Ерболы мен Меңтайы сұхбат берді

Әзілхан Нұршайықов шығармашылықтағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, ІІ дәрежелі "Отан соғысы" ордені (1944 жылы), "Құрмет белгісі" (1956 жылы), "Халықтар" (1984 жылы), "Парасат" (2005 жылы), "Отан" (2010 жылы) ордендерімен, "Ерен Еңбегі үшін" (1943 жылы), секілді медальдармен марапатталды.

1980 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлық, 1990 жылы Қазақ КСР халық жазушысы атағы берілді.

Өмірінің соңына дейін Әзілхан Нұршайықов қоғамдық өмірге, шығармашылық кештерге, оқырмандармен кездесуге белсене қатысты. Ол 88 жасында Семейде өткен Азиада алауының эстафетасына қатысып, жолдың бір бөлігін алау ұстап жүгіріп өтті.

Әзілхан Нұршайықов 2011 жылы 12 ақпанда қайтыс болды.

Роза Бағланованың 100 жылдығы

Күміскөмей әнші, Халық Қаһарманы, "Тарлан" сыйлығының иегері, шетелдіктердің өзі қазақтың қызғалдақ гүліне теңеген ерекше жаратылыстағы сұлу Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген.

Мектеп бітірген соң, 1939 жылы Роза Қызылорда педагогика институтына түседі, бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға байланысты сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауысады. Әншінің бойжеткен шағы ашаршылық пен аласапыран жылдарға дөп келеді. Ташкентте жүргенде оның ерекше дауысы бірден көзге түседі.

2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

"Үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді.  Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры "Ән айтқан кім?" деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан сол Кари Якупов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. Одан соң 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті", - дейді Роза Бағланова бір сұхбатында.

Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. Бірақ ол барлық концертте Өзбекстан атынан шығып жүреді. Бір күні Өзбекстандағы керемет әнші қазақ қызы туралы Жұбан Молдағалиев естиді. Роза Бағланованың Отанына оралуына тікелей себепші болған да осы кісі. Қазақ ақынының қолдауымен 1949 жылы Роза Бағланова елге оралады.

Роза Бағланова 1947-1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды. 1960 жылдан бастап "Қазақконцерттің" әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы, қазақ өнерінің майталман күміскөмей әншісі Роза Тәжібайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында 2011 жылы 8 ақпанда дүние салды.

Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығы

Кеңес Одағының екі мәрте батыры, Қазақстан авиациясының генерал-майоры Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. Ол – Кенесары ханның қолбасшыларының бірі Басығара батырдың тікелей ұрпағы. Басығара батыр 1837 жылы Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан.

Талғат Бигелдинов 1938 жылы Фрунзе қаласында орналасқан аэроклубқа оқуға түседі. Басында бойы аласа болған соң аэроклуб басшылары оны алғысы келмепті. Бірақ оның табандылығы мен қайсарлығына тәнті болған.

1940 жылы Балашов әскери авиациялық мектебіне оқуға аттанады, ал кейін Орынбор қаласындағы Чкалов әскери авиациялық ұшқыштар мектебіне ауысады. Оны 1942 жылы бітіреді. Осылайша соғыс қызған шақта Талғат нағыз майданға қажет маман – ұшқыш мамандығын алып шығады.

Талғат Бигелдинов 1942 жылдың желтоқсанында Калинин майданындағы 296-авиациялық дивизияның 800-шабуылдаушы авиаполкіне қосылады. Оның "Ил-2" ұшағын немістер "Қара ажал" деп атаған екен.

2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

Талғат Бигелдинов әскери тапсырмамен 305 рет әуеге көтерілген. Кеңес Одағының батыры деген атақты екі рет алған Анатолий Ефремов 244 рет ұшқан, ал Талғат Жақыпбекұлы одан 61 рет артық көкке көтерілді. Сондай-ақ Талғат Бигелдинов 7 жау ұшағын атып түсірген.

1943 жылдың қыркүйегінде Днепр үшін ұрыста жауға аянбай қарсы тұрады. Осы шайқаста Бигелдиновтің ұшағы зақымданып, өртене бастайды. Сонда ол ұшағын жау техникасы жасырынған тұсқа бағыттап, өзі ұшақтан секіріп үлгереді. Оның әуедегі бұл ерлігі фотосуретке түсірілген.

1944 жылдың 26 қазанында 22 жастағы лейтенант Бигелдиновке Знаменка, Кировоград қалаларын босату кезіндегі ерлігі мен әскери шеберлігі, әрі  атып түсірген төрт жау ұшағы үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

1945 жылдың 27 маусымыда Талғат Бигелдинов екінші рет Кеңес Одағының батыры атағын иеленді. Бұл жолы ол эскадрильяны шебер басқару мен Краков, Оппельн (қазіргі кездегі Ополе), Катовице, Бреслау (қазіргі кездегі Вроцлав), Берлин қалалары үшін шайқастардағы әскери ерлігі үшін марапатталды. 

Оқи отырыңыз: Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған қазақстандықтар

Талғат Жақыпбекұлы 1956-1970 жылдары азаматтық авиацияда жұмыс істеді. 1968 жылы Мәскеу құрылыс-инженерлік институтын бітіріп, Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің жүйесінде басшылық лауазымдарда қызмет етті.

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Батырдың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды.

Сырбай Мәуленовтің 100 жылдығы

Сырбай Мәуленов 1922 жылы 17 қыркүйекте Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Торғай ауылында туған. Ата-анасының жұмыс бабына байланысты бала күнінде туған жерінен жырақтап, Қызылорда облысына қоныс аударған.

Сырбай Мәуленов Ұлы Отан соғысына қатысқан. Кейіннен 1973 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.

Соғыстан келген соң Сырбай Мәуленов еңбекке араласты.

"Армияның қатарынан кеш қайтты. 1948 жылы келді. Сонда Сырбайды далада көрдім. Біреу "Сырбай Мәуленов" деп көрсетті. Соғыс кезінде, әскери басылымдардан Сырбайдың өлеңдерін оқитынмын. Содан елең еттім. Көп сөйлемейтін адам секілді болып көрінді маған", - дейді ақын Мұзафар Әлімбаев.

Сырбай Мәуленов – қырыққа жуық жыр жинақтың авторы. Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жырланады.

Ақынның "Жаңа көктем" (1956 жыл), "Дала таңы" (1957 жыл), "Көгілдір таулар" (1964 жыл), "Жер нәрі" (1970 жыл), "Апрель жапырақтары" (1972 жыл), "Таңдамалы лирикалары" (1967 жыл), "Тандамалы лирикалары" (1972 жыл), "Жапырақтар жанады" (1972 жыл) өлеңдер жинағы жарық көрді.

Сырбай Мәуленов 1943-1950 жылдары Қостанай облысы радиокомитетінде редактор, "Большевиктік жол" газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болды.

1951-1955 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі болды.

1957-1961 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды. "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактордың орынбасары болды.

1964-1971 жылдары "Жұлдыз" журналының, 1955-1957, 1971-1977 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болды.

Сырбай Мәуленов 1993 жылы 71 жасында дүниеден өтті.

Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы

Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінің сыншысы Сафуан Шаймерденов 1922 жылы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы) Аманкелді ауылында дүниеге келген.

1953 жылы "Болашаққа жол" атты алғашқы романы жарыққа шыққан. Бұл шығарма кейін "Инеш" деген атпен орыс тіліне тәржімаланды. "Қайдасың, Зарина?", "Қыр гүлі", "Әнім сен едің", "Марғау", "Төрт бойдақ, бір қыз", "Өкіл әке", "Түйе көтерген", "Аруана дүние" пьесалары көптеген қазақ театрларының саханасында қойылды.

Сафуан Шаймерденовке "Ағалардың алақаны" атты әңгімелер мен повестер жинағы, "Әдеби толқындар" атты кітаптары үшін 1988 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. 1984 жылы Тагордың "Күйеу" романының аудармасы үшін Қазақстан жазушылар одағының сыйлығын иеленді.

Психологиялық прозаның хас шебері 1992 жылы Қазақстан Республикасының халық жазушысы құрметті атағын алды. "Отан", "Құрмет белгісі" орденінің иегері.

Жазушы 2007 жылы 23 ақпанда Петропавлда қайтыс болды.

Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл

1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. 2007 жылдан бастап қазақстандықтар бұл күнді мерекелей бастады.

Мемлекеттік ту, елтаңба және әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады. Олар – мемлекеттің мызғымас негізінің бірі, тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі. Сондай-ақ бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі.

1992 жылы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылданып, арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірген. Содан кейін елтаңба, ту, әнұран жобасын жасауға конкурс жарияланды.

Рәміздердің үлгісі бойынша конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Оның ішінде мемлекеттік ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Оның ішінде суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік ту бекітілді.

Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі ұсынылды. Елтаңба жобасы конкурсында сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылып, қазіргі нұсқа бекітілді.

2018 жылы елтаңбада "Қазақстан" жазуы латын графикасымен QAZAQSTAN деп берілетін болды.

2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков мемлекеттік рәміздер жобасының конкурсында 50 жасында қатысқан. Ол кезде рәміз авторы Өзбекстандағы Самарқандтың бас сәулетшісі болған.

1992 жылы конкурсқа әнұранның 750 нұсқасы түсті. Қабылданған әнұран авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Жаңа әнұранның авторы – Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал жаңа әнұран ретінде халықтың арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" әні таңдалды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.

Қазақстанның БҰҰ құрамына кіргеніне 30 жыл

Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясының пленарлық отырысында Қазақстан бірауыздан БҰҰ-ның 168-і мүшесі болып қабылданды. Пленарлық отырыстан кейін Қазақстанның көк туын БҰҰ штаб-пәтерінің алдында салтанатты көтеру рәсімі өткізілді.

Сол жылы 15 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші тұрақты өкілі тағайындалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1993 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істей бастады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы — халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған үкіметаралық ұйым.

Бас кеңсе АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан. Қазір БҰҰ-ға  193 мемлекет кіреді.