Ресми бөлім "Астана Опера" әртістерінің орындауындағы "Қыз Жібек" операсымен жалғасады, деп хабарлады астаналық әкімдік сайты.
Жаңа музыкалық редакцияның авторы - қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.
Дирижері - Руслан Баймурзин, ал қоюшы – режиссер - Михаил Панджавидзе. Қойылымды қоюшылар ұлттық классиканың жаңа қырын ұсынады. 3D-технологияны пайдаланудың арқасында "Қыз Жібек" халықтық лиро-эпостық поэмасы көрерменнің көз алдында жандана түседі: проекцияда көрсетілген керуен қозғалысы күтпеген жерден сахнада, тірі жылқылар мен түйелердің қатысуымен жалғасады.
"Nur-Sultan Theatre week" халықаралық фестивалінің ашылуы - еліміздің мәдени өміріндегі үлкен оқиға. Театр апталығы аясында 11 ұжым 20-дан астам қойылым көрсетеді. Бұл тамаша фестиваль "Астана Опера" театры сахнасында өтетіні біз үшін үлкен құрмет. Театрымыздың шығармашылық ұжымы аты аңызға айналған "Қыз Жібек" операсының ауқымды қойылымын ұсынады", - деді "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Спектакльдер кестесі мен фестиваль туралы басқа да ақпаратты www.visitnursultan.kz. сайтынан алуға болады.