Фото

Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің соңында тұрған музей-үйінің қазіргі келбеті – фото

Sputnik

Музейде 550-ге жуық құжат бар, оның 300-і – түпнұсқа. Музейде үш бөлім бар. Бір бөлімде Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері мен ғалым туралы жазылған ғылыми еңбектер қойылған. Сондай-ақ Қазақ әліпбиіне сипаттамалық шолу жасалған. Мұнда Байтұрсынұлы төте жазуының кестесі бүгінгі кирилл әрпімен қатар берілген.

Екінші залда бала Ахметтің мектептегі құжаттары мен есейген шағындағы шығармашылық жолына шолу жасалған. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлы қолданған заттар мен отбасылық фотолары қойылған.

Музейдегі үшінші залда ғалымның істі болған, түрмедегі күндері туралы деректер қамтылған. Байтұрсынұлы 5 рет сотталып, 2 рет жер аударылғаны туралы мұрағат деректері де осы жерде тұр.

Толығырақ Sputnik Қазақстан фотолентасынан көріңіз.

1 / 15
Көрнекті ағартушы, қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі 1993 жылы 9 қыркүйекте ашылды
2 / 15
Музейде 550-ге жуық құжат бар, оның 300-і – түпнұсқа. Оның ішінде жеке және ұжымдық фотосурет, алыс-жақын туыстары мен ахметтанушы ғалымдар жеткізген мүліктер бар. Музейдің бірінші залында Ахмет Байтұрсынұлының 2006 жылы суретші Мырзахметов салған портреті қойылған.
3 / 15
Екінші залға кірер есіктің жоғары жағында орналасқан Қазақ әліпбиіне сипаттамалық шолу жасалған. Мұнда Байтұрсынұлы төте жазуының кестесі бүгінгі кирилл әрпімен қатар берілген.
4 / 15
Музейдің бірінші залында Байтұрсынұлы туралы кітаптар мен зерттеу жұмыстары, "Байтұрсынұлы атындағы медаль" қойылған. Мұнда "Қырық мысал", "Маса", "Оқу құралы", "Тіл - құрал" , "Баяншы", "Әліпби" әліппе, "Ер Сайын", "Әліппе астар", "Сауаташқыш", "23 жоқтау", "Әдебиет танытқыш", "Тіл жұмсар" кітаптарының түпнұсқа және телкөшірмесі сақталған.
5 / 15
Ахмет Байтұрсынұлын ұлықтаған "Ана тілдің айбары" медалінің түпнұсқасы
6 / 15
Байтұрсынұлы музей-үйінде қоғам қайраткерінің шығармашылығына қатысты 2000-ға жуық ғылыми мақала, 50-ден аса монография, 12 халықаралық ғылыми-теориялық, 20-дан астам республикалық ғылыми-практикалық конференция жинағы бар. Сондай-ақ майлы бояудағы бірнеше портреті қойылған.
7 / 15
Екінші залда бала Ахметтің мектептегі күндерінен бастап есейген шағын толық қамтитын деректер қойылған. Мұнда Байтұрсынұлының замандастарының да өмірі қамтылған. Дәл осы залдан Ахмет Байтұрсынұлының мектеп бітірген куәлігін, туған-туысының фотосы мен ұрпағының суреттерін көруге болады.
8 / 15
Музей ішінде Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі болған мүлік саусақпен санарлық. Олар: жазу машинкасы, мөртабан, қаламсап, қолчемодан, самаурын, жезтабақ, сандық.
9 / 15
Ахмет Байтұрсынұлы және оның жары Бадрисафаның фотосы. Сондай-ақ олардың Орынборда тұрған үйінің суреті қойылған. Дәл осы жерден жары Бадрисафаның Дала губернаторына жолдаған жеделхатымен танысуға болады. Ол Ахмет Байтұрсынұлыны Семей түрмесінен босатуды сұрап хат жазған.
10 / 15
Ахмет Байтұрсынұлының жазу машинкасы
11 / 15
Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің бір жерге жинақталған нұсқасы
12 / 15
Ахметтің ең соңғы "Мәдениет тарихы" кітабының макеті. Кітап үшке кесілген. Себебі бұл кітап сол тұстағы кеңестік цензурадан өтпей қалған және ғалым өміріне үлкен қауіп төндірген. "Аса қауіпті" деп саналған кітаптың макеті оның сол кездегі тағдырын да баяндап тұр.
13 / 15
Ахмет Байтұрсынұлы қаламдас інілерінің ортасында отыр.
14 / 15
Музейдің үшінші залында ғалымның істі болған, түрмедегі күндері туралы деректер қамтылған. Байтұрсынұлы бес рет сотталып, екі рет жер аударылғаны туралы мұрағат деректері де осы жерде тұр. Фотода Ахмет Байтұрсынұлының ең соңғы суреті
15 / 15
Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың бір-біріне жазған хаттары да қойылған. Хат Дулатова Гүлнар Міржақыпқызының мұрағатынан алынды.