Қоғам

Қазақстанда резервтегі әскери қызметшілерге қанша төленеді

Резервте қызмет атқаратын адамдарға оқу-жиындардың уақытын қоспағанда ең төменгі еңбекақы көлемінде ақшалай төлем беріледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Қорғаныс министрлігі резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тұжырымдаманың жобасын әзірледі. Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Заң жобасы аясында Қазақстанда алғаш рет резервтегі қызмет институтын енгізу қарастырылған. Резервист өз еркімен қорғаныс министрлігімен келісімшарт рәсімдеп, резервтегі әскери қызметтен өтеді.

"Бейбіт уақытта Қарулы күштерді ұлғайтпай, резервтегі әскери қызметті құру әскери міндеттілердің белгілі бір санын алуға мүмкіндік береді, олар толық немесе ішінара жұмылдыру жүргізгенге дейін соғыс уақытының немесе соғыс жағдайының, не табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың бастапқы кезеңіндегі міндеттерді орындауға кәсіби тұрғыда әзір болады", - делінген құжатта.

Осылайша, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде бірінші кезекте резервтегі әскери қызметшілер тартылады. Ал әскерилер басқа нәрсеге алаңдамай, жауынгерлік даярлықты жалғастыра береді.

Резервтегі қызмет қалай өтеді?

Резервтегі адамдар үшін даярлық бір айда бір-екі рет өтеді, ал оқу-жиындар 30 күнге жалғасады. Бірақ ондай дайындық бір жылда екі айдан аспауы шарт. Әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде жараланған, контузия, мертіккен, зақымданған немесе науқастанып қалған резервтегі адамдарды Қарулы күштер қаражатының есебінен санаториялық-курортық емге жіберу жоспарланып отыр.

Жиындар мен сабақтар кезінде резервтегі адамдар өздерінің әскери білімін, шеберлігі мен дағдыларын жетілдіреді.

Заңнамалық деңгейде резервтегі әскери қызметке түсетін азаматтың жұмыс орны, атқаратын лауазымы және жалақысы сақталады. Ал жұмыс істемейтін адамға мемлекет есебінен ең төмен жалақы төленеді.

Резервтегілердің міндеттері мен құқықтары

Тұжырымдама жобасына сәйкес, резервистің міндеттері бар.

Олар:

  • уәкілетті орган бекіткен тәртіп бойынша әскери жиындар мен арнайы дайындыққа уақытында келу;
  • резервтегі әскери қызмет туралы жұмыс берушіге ескерту;
  • гарнизон мен елден тыс жерге шығатыны туралы командирге хабар беру;
  • елден тыс жерге тек командирдің рұқсатымен және мемлекеттік құпиялар туралы заңға сәйкес шығу;
  • резервтегі қызмет туралы келісімшартты орындау кезінде елден шықпау;
  • арнайы дайындықты өткізіп алған жағдайда уақыт тауып, сабақтарға қатысу.

Құқықтары:

  • қосымша ақылы демалыс – 5 тәулік;
  • жұмыс орнының сақталуы;
  • ай сайынғы төлемдер.

Резервтегілерге қандай төлемдер беріледі

Резервте қызмет атқаратын адамдарға оқу-жиындардың уақытын қоспағанда ең төменгі еңбекақы көлемінде ақшалай төлем беріледі. Қазіргі кезде оның мөлшері 42 500 теңгені құрайды. Ал 2022 жылдан бастап 60 000 теңге болады.

Ал оқу-жиындары кезінде резервистке өзінің орташа жалақысы көлемінде ақшалай төлем аударылады. Әскери жиындар кезінде қайтыс болса, оның мұрагерлеріне 500 АЕК (2021 жылда - 1,4 миллион теңге) көлемінде өтемақы төленеді.

Резервист жарақат алып, мертігіп қалса, бір реттік өтемақы қарастырылған.

  1. I топтағы мүгедекке – 250 АЕК (2021 жылда - 729 250 теңге);
  2. II топтағы мүгедекке – 150 АЕК (2021 жылда - 437 550 теңге);
  3. III топтағы мүгедекке – 50 АЕК (2021 жылда - 145 850 теңге);
  4. ауыр жарақаттар – 12 АЕК (2021 жылда - 35 004 теңге);
  5. жеңіл жарақат – 4 АЕК (2021 жылда - 11 668 тенге).

Оқи отырыңыз: 

Жын ба, ауытқу ма: мамандар желіні шулатқан сарбаздың әрекетіне баға берді - видео

Тоқаев: оқу-жаттығу күш құрылымдары мен әкімдіктер дағдарысқа дайын екенін көрсетті