Әлем

Анкарада қазақ ақынының кітабы түрік тілінде жарық көрді

Анкара кітап жәрмеңкесі 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ол жылына екі рет өткізіледі
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 қазан – Sputnik. Түркия астанасы Анкара қаласында қазақстандық ақын Бауыржан Қарағызұлының жаңа кітабы таныстырылды. Түрік тілінде жарық көрген "Галстук" ("Kravat") өлеңдер жинағының шығуына Қазақстанның Түркиядағы елшілігі бастамашы болған.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің хабарлауынша, іс-шара "XVI Анкара кітап жәрмеңкесі" аясында өтті. Оған елші Абзал Сапарбекұлы, ақын Бауыржан Қарағызұлы, өлеңдерді түрік тіліне аударған Ашур Өздемир қатысты.

"Кітапқа кейінгі екі жыл ішінде жазылған 50 өлең енді. Өлеңдерді түрік тіліне аудару екі айға созылды. Соның барысында аудармашы Ашур Өздемирмен тікелей жұмыс істедік. Талқылаулар болды. Ал кітаптың қазақ тілінде басылып шығуына келер болсақ, бұл келесі жылға жоспарланып отыр. Алайда 156 бет болып шыққан өлеңдер жинағы ішінде барлық өлеңнің қазақша және түрікше нұсқасы қатар берілген", - деді Бауыржан Қарағызұлы Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Сондай-ақ автор кітап атының неге "Галстук" деп аталғанын айтты.

"Кітаптың ішінде "Галстук" деген өлең бар. Жалпы алғанда галстук – биліктің символы. Сол галстук үшін адамдар өмірін құрбан етеді, әртүрлі әрекетке барады. Өлеңде сол тақырып қозғалған", - дейді автор.

Шара барысында аудармашы Ашур Өздемір Бауыржан Қарағызұлының Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ поэзиясының өкілі екенін айтып, оның өмір болмысын ерекше сипаттап жеткізетін талантты ақын екенін айтты.

Айта кетері, Анкара кітап жәрмеңкесі 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ол жылына екі рет өткізіледі.