АЛМАТЫ, 22 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Ол мемлекет басшысына Қазақстанның экономикалық өсім қарқыны, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру шаралары, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының қайта қалпына келу үдерісі қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Биыл 9 ай қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,4%-ті құрады.
Асқар Маминнің мәліметіне сәйкес нақты сектордағы тұрақты өсім 3,5%-ке өсті. Карантин шектеулерін жеңілдету нәтижесінде қызмет көрсету секторының біртіндеп қалпына келуі экономиканың қайта өсуін үдетті. Өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 5,7%-ке артты. Құрылыс саласы 9,7%-ке ұлғайды. Елімізде 9 айдың ішінде 10,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8%-ке жоғары.
Премьер-министр мемлекет басшысына әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен инфляцияға қарсы іс-қимыл шараларының жүзеге асырылуы жөнінде айтты.
"Үкімет агроөнеркәсіп кешені секторында құн қалыптастырудың барлық тізбегі бойынша бағаны тұрақтандыру, сауда желілері мен отандық тауар өндірушілері арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау бойынша жұмыс істеп жатыр. Тауар айналымын қаржыландыруды көбейту және тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алуды арттыру, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің сауда үстемесін жоғарылату фактілеріне жол бермеу шараларын қабылдап жатыр", - деп мәлімдеді Мамин.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген ақпаратқа сәйкес, қазір барлық аймақта коронавирус жұқтыру деңгейі төмендеген, ауыр науқастардың, стационарларда және амбулаторлық ем қабылдап жатқандардың саны азайған. Вирустың таралу индексі – 0,96. Жұқпалы ауруханалардың 37%-інде, жансақтау бөлімдерінің 31%-інде науқастар ем алып жатыр.
8,1 миллион адам екпенің бірінші компонентін, 7,2 миллион адам екі компонентін алған.