Өңірлер

Әкімі үздіктер қатарында: тіршілігі қайнаған Ақсу ауылының сыры неде - фото

Республикалық байқауда әкімі үздіктердің қатарынан көрінген Ақсу ауылының тыныс-тіршілігі туралы Sputnik материалынан оқыңыз
Sputnik

ҚЫЗЫЛОРДА, 22 қазан – Sputnik. Күні кеше еліміз бойынша ұйымдастырылған "Үздік ауыл әкімі" конкурсы мәресіне жетіп, мыңнан жүйрік шыққандар дараланды. Осы сайысқа қатысқан Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауыл округінің әкімі Қанат Ниетқұлов "Үздік әлеуметтік жоба" номинациясының иегері атанды. Sputnik Қазақстан тілшісі республикалық байқауда әкімі үздіктер қатарынан көрінген ауылдың тұрғындарымен әңгімелесті, сондай-ақ оның байқауға қандай әлеуметтік жоба ұсынғанын білді.

10 жыл бойы бірде-бір отбасы ажыраспаған

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл ауылда соңғы он жылда бірде-бір шаңырақ шайқалмаған екен. Мұның себебін ақсулықтардың өзі ауыл халқының ынтымақ-бірлігімен байланыстырады.

Әкімі үздіктердің көшіне қосылатындай бұл қандай ауыл? Өзгелерді таң-тамаша ететіндей нендей жетістігі бар?

Әкімі үздіктер қатарында: тіршілігі қайнаған Ақсу ауылының сыры неде - фото

Ауылдың тірегіне айналған ардагерлер және аналар кеңесі жұмыс істеп, жастарға бағдар болып отыр. Ақсудағы жұртты айрандай ұйытып отырған да осы қазыналы қариялар десек, артық айтқандық емес. Біз ауыл ардагері, зейнеткер Қуаныш Ұзақбаевты әңгімеге тарттық.

"Ауылымызда ардагерлер кеңесі жұмыс жасайды. Көне көз қарияларымыз келер ұрпаққа тәлім-тәрбиесін үнемі айтып отырады. Сонымен қатар "Асыл әжелер" ансамблі бар, ақ жаулықты аналарымыз ауданда, облыста жүлделі орындардан көрініп жүр. Ауылдағы батыр аналардан құралған ансамбль мүшелеріне сахна киімі тіктіріліп, Түркістан, Қызылорда қалаларында өз өнерін көрсетуге мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар демеушілер тарта отырып, ауыл ардагерлерінің түрлі саяхаттарға, демалу орындарына баруына ықпал етіп келеміз. Қариялар аудан ардагерлері арасындағы спартакиададан, балық аулау жарыстарынан жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Мереке сайын шаруашылықтардың көмегімен ардагерлерге сый-сияпаттар жасалып, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық мақсатында көмір, отын түсіру жұмыстарына көмек көрсетілуде", – дейді ауыл ақсақалы.

Әкімі үздіктер қатарында: тіршілігі қайнаған Ақсу ауылының сыры неде - фото

Ауыл ақсақалы бүгінгі әкімнің жас болса да бас болып, талай істі атқарып жатқанын жеткізді.

Ақсудағы аналар кеңесі де көпке үлгі екенін айта кеткен жөн. Айтпақшы, соңғы он жылда ауылда бірде-бір отбасы ажыраспағанын осы аналар кеңесінің төрағасы Мәрия Ержановадан естідік.

"Ақсу – киелі ауыл. Ел қорғаған айбынды батырлардың, шаршы топта сөзден сүрінбеген орақ тілді, от ауызды шешендердің, дұғасы талайға шипа болған әулие-әнбиелердің мекені бұл. Мүмкін содан да болар, бұл ауылдың халқы ынтымақты бәрінен биік қояды. Соның дәлелі ретінде соңғы он жылда бірде-бір отбасы ажыраспағанын айтуға болады. Бұл дегенің ешқандай шаңырақтың күлі шашылып, оты сөнбеген деген сөз. Бұдан артық қандай дәлел керек", – деді ол.

Әкімі үздіктер қатарында: тіршілігі қайнаған Ақсу ауылының сыры неде - фото

"Бар-жоғы 7 адам жұмыссыз"

"2018 жылдан бастап осы ауылдың әкімі қызметін атқарып келемін. Елді мекенді басқарғаныма көп болмаса да, округ халқының тыныс-тіршілігімен жақсы таныспын", – дейді әкім Қанат Ниетқұлов.

Ақсу ауылында жалпы саны 328 отбасы болса, округте барлығы 1720 адам тұрады. Сенесіздер ме, осыншама адамның ішінен 7-ақ адам жұмыссыз екен. Бұл ақпаратты естігенде өзіміз де таңғалдық.

Ауыл әкімінің айтуынша, Ақсудың тұрғындары егін және мал шаруашылығымен, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікпен айналысады екен.

"Бүгінгі таңда ауылда күндізгі стационарлық емхана, 464 орындық мектеп, клуб, пошта байланыс бөлімшесі, балабақша жұмыс істеп тұр. Шағын ғана ауылда 5 дүкен, асхана, мал бордақылау алаңы, жылыжай, күріш ақтау цехы жұмыс жасап, халыққа сапалы қызмет көрсетуде", – деді ол.

Әкімі үздіктер қатарында: тіршілігі қайнаған Ақсу ауылының сыры неде - фото

Бүтін ауылдың шашауын шығармай отырған басшыға халық та дән-риза.

"Айтсаң мақтағандай боласың, бірақ Қанаттың ауыл үшін жасап жатқан тірлігі аз емес. Бұл бала ауылға әкім болып келгелі бірден кәсіпкерлікті дамытуға ден қойды. Ауылдық округ бойынша 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 16 шаруа қожалығы, 85 кәсіпкер өз ісін жүргізуде. Осыншама жұмыс көзі тұрғындарға демеу болып тұр. Біздің шаруашылықтың өзінде 120 адам жұмыс істейді. Мен ар жағын айтпай-ақ қояйын, жұмыстың нәтижесін көру үшін осы да жетеді ғой деп ойлаймын", – деді "Сәрке батыр" ЖШС директоры Қанат Демесінов.

Ақсу ауыл округі бойынша 2018-2020 жылдар аралығында  мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 46 кәсіпкер несие қрәсімдеп, жалпы сомасы 636 миллион теңгеге қаржыландырылған. Биылдың өзінде 104 миллион теңгені құрайтын 14 жоба қаржыландырылыпты. 2021 жылы ауыл бойынша 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауыл әкімі соның өзінде жұмыссыз ретінде тіркелген 7 адамның барлығын, алдағы уақытта оларды да жұмыспен қамту үшін жұмыс істейтінін айтты.

Елді мекенде жұртты имандылыққа үйіретін мешіт те жұмыс істеп тұр.

Байқауға қандай жобалар ұсынылды         

Республикамыздың мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған "Үздік ауыл әкімі" конкурсына Ниетқұлов бірнеше жоба ұсынған.

Әкімі үздіктер қатарында: тіршілігі қайнаған Ақсу ауылының сыры неде - фото

"Бұл конкурсқа облыс бойынша 8 үміткер қатыстық. Осылардың ішінен тұрғындар сауалнамасының нәтижесінде ең көп дауыс алған 4 үміткер өңірлік комиссияға әңгімелесу сатысына жіберді. Комиссия қорытындысымен облыс бойынша "Үздік ауыл әкімі" деп танылып, республикалық конкурсқа жолдама алдым. Бұл туған ауылыма, қала берді ауданымызға берілген жоғары баға деп білемін. Республикалық конкурста облыс атынан қатысып, белгіленген критерийлерге сәйкес "Үздік әлеуметтік жоба" номинациясын жеңіп алдым. Осындай конкурстар мотивация береді деп ойлаймын. Адам шыңдала түседі, үнемі ізденіс үстінде боласың", – деді Ақсу ауылының әкімі Қанат Қуанышұлы.

Ақсу әкімі әлеуметтік жоба бойынша үздік атанатындай не ұсынған? Осы жобаларға тоқталсақ.

Алдағы 3 жылдағы жұмысты әкім былайша жоспарлаған:

  • Күйдірілген кірпіш зауыты. Жоба құны – 80 миллион теңге, кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен. Ауыл округі аумағынан көлемі 10 гектар жер учаскесі берілді.
  • "Ақ Бостай" шаруа қожалығының күріш ақтау зауыты мен жем өңдеу цехы жобасы. Жоба құны – 200 миллион теңге.
  • Демеушілер есебінен салынатын балалар ойын алаңы мен спорт алаңын күрделі жөндеуден өткізу.
  • Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 100 орындық балабақша салу. Жоба құны – 150 миллион.
  • Ақсу елді мекенін газдандыру жұмыстары. Бюджет қаражаты есебінен.

Бұл жобалардың Ақсуға  пайдасы бар ма, қандай экономикалық тиімділігі болады?

"Жалағаш ауданында бүгінгі таңда кірпіш шығаратын зауыт жоқ. Алдымен осы жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ақсу жұрты негізінен күріш егумен айналысады. Ауылымызда күріш ақтау мен жем өндіру зауыты жоқ. Бұл да елге керекті жоба болып тұр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 100 орындық балабақша ғимаратын салуды да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бұл жобалар іске қосылса, кәсіпкерлік дамыту жоспары орындалады, салық базасы ұлғаяды, ең бастысы жұмыспен қамтылатын ауыл тұрғындарының саны артады, яғни әлеуметік ахуалға өзінің оң септігін тигізеді", – дейді Ниетқұлов.

Түйіні шешілмеген мәселе

Бұл ауылда шешімін таппаған мәселе де жоқ емес, әрине. Соның бірі – жол мәселесі. Ақсуда он көше болса, соның бесеуі жөндеуді қажет етіп отыр. Тағы бір түйіткіл - ауыл клубының ғимараты өте ескі. Бүкіл мәдени шара осыдан 45 жыл бұрын салынған клубта өтеді. Үздік әкім клубты жаңарта ала ма, жоқ па, оны білмедік. Бірақ Ақсудағы өзекті деген екі мәселе осы болып тұр.