Қоғам

Вакцинаға қарсы шыққан жұмысшыларға қандай шара қолданылды – бас инспектордың жауабы

Маңғыстау облысындағы МАЭК компаниясының жұмысшылары бір ай бұрын наразылық акциясына шыққан болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов ірі кәсіпорында вакциналауға қарсы шыққан жұмысшылар мәселесі немен аяқталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мысалы, Маңғыстау облысындағы МАЭК компаниясының жұмысшылары бір ай бұрын наразылық акциясына шыққан. Бүгінде компания мен әкімдіктің бірлескен жұмысы нәтижесінде жұмысшылардың 82 проценті вакцина салдырды. АрселорМитталда тура солай. Ал Қазақмыста жұмысшылардың 78 проценті екпе алды. МАЭК-та 100 адам наразылыққа шықса, олардың ішінен 7 адам ғана жұмыстан шеттетілді. Қалғаны бәрін түсініп, вакциналаудан өтті", - деді Оспанқұлов брифингте.

Бас инспектордың айтуынша, вакцина алмаған немесе ПТР-тест тапсырмаған адамды жұмыстан шеттету заңға қайшы емес.

Айта кетейік, бұған дейін "МАЭК-Қазтомпром" ЖШС жұмысшылары міндетті вакциналауға қарсылық білдіріп, Маңғыстау облысының әкіміне бейнеүндеу жолдаған болатын.

Сол кезде компания коронавирусқа қарсы вакциналау шараларын бас санитардың қаулысы негізінде жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Жұмысшылардың наразылық акциясынан кейін жұмыс тобы құрылған болатын.

"Қазақмыс" пен "АрселорМитталдың" жұмысшылары да вакциналауға қарсы шыққан.

Оқи отырыңыз: