НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтан көшелерінің біріндегі жол учаскесі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
"Әл-Фараби даңғылының жүру бөлігін кеңейту аясында Р.Қошқарбаев даңғылы мен Әл-Фараби даңғылының қиылысында орналасқан көлік айрығынан Иманақ көшесіне дейінгі учаскеде (Железнодорожный ТМ) теміржолдарды кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады", - делінген хабарламада.
25-28 қазан аралығында көрсетілген учаскеде автокөлік құралдары үшін қозғалыс тоқтатылады.
Қала жолдарында кептеліс тудырмау үшін елорда тұрғындары мен қонақтары өз қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауы қажет.
"Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына түсіністікпен қарайды деп сенеміз", - дейді әкімдіктегілер.