Саясат

"Іліп қояды деп ойладым": Назарбаев Клинтонға жасаған сыйлығын еске алды

"Штрихи к портрету" деректі фильмінің кезекті бөлімінде журналист Назарбаевтан мемлекет басшыларының қандай сыйлығы есте қалғанын сұрады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонға берген сыйлығы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Штрихи к портрету" деректі фильмінің кезекті бөлімінде журналист Назарбаевтан мемлекет басшыларының қандай сыйлығы есте қалғанын сұрады.

Елбасы АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонға не сыйлағанын еске алды.

"Батыс елдері сыйлықпен әуестенбейді. Мен тәжірибе жоқтығынан Клинтонға өз портреті салынған шағын кілем апардым. Оны Алматы фабрикасы жасап шығарды. Ол кілемді іліп қойып, өзіне қарап отырады деп ойлаған едім. Біз ол сыйлықты тапсырдық. Кейін кездесуге барсам, қабылдау бөлмесінде хатшы аяқ киімінің өкшесімен оның мұрнын басып тұр. Ол оны қабылдау бөлмесіне төсеген екен", - деді Назарбаев.

Айтуынша, посткеңестік республикалар сыйлыққа қызығады.

"Гурбангулы Бердымұхамедов (Түрікменстан президенті) Ақалтеке жылқысын тарту етті. Жақсы сыйлық. Өзбек халаттарын немесе бұйымдарды сыйлап жатады. Қырғыздар да жылқы сыйлайды. Біз де барымызды береміз. Бізде осылай қабылданған", - деді Елбасы.

Деректі фильм кезінде Назарбаев 2011 жылы наурыз айында болған оқиғаны еске алды. Ол концертте отырған, концерт аяқталған кезде орнынан тұрып, аяғын баса алмай қалған. Күзетшіні шақырып, балдақ сияқты оның қолынан ұстап алып, көптің көзіне көрінбей, ақырындап шығып кеткен. Бұдан соң дәрігерге қаралды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа 2011 жылы омыртқасына ота жасалған. Елбасы отставкаға кету туралы шешім қабылдауға осы ота да әсер еткенін мәлімдеді.

2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеген болатын.

Фильм барысында Елбасы отставкаға кететін күні таңертең не болғанын да айтып берді.