Қоғам

Тоқаев: кейбір көпбалалы аналар заңсыз ереуілге шығып, айғай-шу шығарып жүр

Мемлекет басшысы масылдық бүгінде қоғамдық, тіпті саяси проблемаға айналғанын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз митингтерге шығып, қоғамдық тәртіпті бұзатын қазақстандықтардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан халқы ассамблеясының кеңейтілген отырысында президент көпбалалы аналардың заңсыз митингтері туралы айтты.

"Ана – отбасының ұйытқысы, ананың орны ерекше. Сондықтан біз қоғамда анаға деген құрметті өте жоғары қоюымыз керек. Бірақ аналар да қоғам алдында өз жауапкершілігін терең сезінуі керек. Кейбір көпбалалы аналарымыз заңсыз ереуілге шығып, айғай-шу көтеріп, қоғамдық тәртіпті бұзуда", - деді Тоқаев.

Ол масылдық бүгінде қоғамдық, тіпті саяси проблемаға айналғанын атап өтті.

"Біз бейбіт жиындар туралы өте жақсы заң қабылдадық. Кім не десе де, бұл демократияны дамыту кезеңінде өте маңызды қадам. Бейбіт жиындар мен демонстрацияларға ешкім кедергі келтірмейді. Ол жерде бәрі айқын жазылған, ресми рұқсаттың қажеті жоқ, тек алдын ала хабар берсе болды. Бірақ осы талапты да кейбір азаматтарымыз бұзады. Мұндай әрекеттерге құқықтық баға берілетінін тағы да ескертемін", - деді президент.

Тоқаев бас прокуратураға халыққа аталған заңды түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды, ал барлық құқыққорғау органдарына заңнамаға сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды.

Оқи отырыңыз: