Өңірлер

Президент тапсырмасы: Қалжыр өзенін ластағандар жауапқа тартылды

Қыркүйектің соңында БАҚ-та Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенін алтынды заңсыз өндірушілер ластап жатқаны туралы мәселе көтерілген болатын
Sputnik

АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенін ластағандар жауапқа тартылды. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне мәселені егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.

Экология департаменті Күршім ауданындағы Қалжыр өзенінің ластану фактісі бойынша тексеру жүргізді.

Өзенді алтынды заңсыз өндірушілер ластаған

Бұл жағдайдың биыл мамырда Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты "Шандыбұлақ" учаскесіндегі рейд кезінде жеке кәсіпкер Сергей Хванның рұқсат құжаттарынсыз алтынды өз еркімен өндіргеніне байланысы бар екенін анықталды.

"С.А. Хван" жеке кәсіпкер өкілдері жақында сот қаулысын орындау үшін Қалжыр өзенінің арнасы мен жайылмалы бөлігіндегі, сондай-ақ Шандыбұлақ бұлағындағы заңсыз салынған бөгеттер мен тоғандарды бұзған. Соның әсерінен Қалжыр өзенінің негізгі арнасына түскен ұсақ құмды топырақ оның едәуір аумағын ластаған. Лай тұнбалы лас су өзен ағысымен біршама қашықтыққа жайылып, 53,3 мг/м3 дейінгі қалқыма заттармен ластануға әкелді", - деп хабарлады экология министрлігінің баспасөз қызметі.

Өзенді одан әрі ластауға тосқауыл болу үшін заңсыз құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары тоқтатылды.

"Табиғи суларды сынау хаттамаларына сәйкес, зиян шеккен су айдынындағы ластаушы заттардың құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды. Жер үсті суларының сапасы қалпына келтірілді", - делінген министрлік ақпаратында.

Қандай жаза қолданылды

Күршім ауданының №2 аудандық соты мен ШҚО экология департаментінің шешімімен кәсіпкерлерге жалпы сомасы жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынып, кен өндіру үшін берілген лицензиялары кері қайтарылды. Оларға алтын кенін іздеу бойынша жұмыстарды заңсыз жүргізгені, рұқсат етілмеген құрылыстарды бұзу туралы сот шешімін орындамағаны, сондай-ақ экологиялық сараптама жүргізбей нысандарды өз бетінше салғаны үшін жаза қарастырылған.

Ал жеке кәсіпкерлер құқықбұзушылықтың салдарын жою үшін ремедиация бағдарламасын бекітті. Енді олар биыл қарашаға дейін Қалжыр өзенінің гидрологиялық режимін және тау ландшафтын қалпына келтіру бойынша бірінші кезектегі жұмыстарды істейді.

Сондай-ақ әкімдік табиғи компоненттерді қалпына келтіру бойынша шығындарды есептейд. Соның сомасына байланысты қылмыстық кодекстің экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар тарауыдағы 324, 328, 333 және 334-баптары бойынша кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселесі қаралады.

Айта кетері, қыркүйектің соңында "Айқын" газетінде "Қалжырды кім ластап жатыр?" деген мақала жарияланған. Онда Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенін алтынды заңсыз өндірушілер қатты ластап жатқаны туралы өте өзекті мәселе көтерілген.

Сондай-ақ Қалжыр ауыл халқы суын күнделікті тұтынып, малын суарып жүрген Күршім ауданындағы үлкен өзендердің бірі екені айтылған. Марқакөл көлінен жалғыз ағып шығатын өзеннің бойында онға жуық елді мекеннің халқы тұрады.