НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин үкімет мүшелерінен депутаттардың сұрағына нақты жауап беруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында "2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы талқыланып жатыр. Сұрақ-жауап барысында депутат Жәмила Нұрманбетова вице-премьер Ералы Тоғжановтан ревакцинация жасау үшін вакцина қандай ақшаға сатып алынатынын сұрады. Айтуынша, үш жылдық бюджетте бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған.
"Бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда арнайы қаралды. Біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен, екіншіден, жиырмадан аса елдің тәжірибесін ескере отырып, қарашаның үшінші онкүндігінен Қазақстанда ревакцинацияны бастауға шешім қабылдадық. Инактивті вакцина алғандар үшін ревакцинация 6 айдан кейін, ал векторлық вакцина салдырғандарда 9 айдан кейін басталады. Оның ішінде алғы шепте жүретін азаматтар – дәрігерлер, ұстаздар, 60 жастан асқандар ревакцинациямен толық қамтылады. Жылдың соңына дейін 100 мың адамға, келесі жылы 2 миллион адамға қайта вакцина салынады деп жоспарлап отырмыз. Қазақстан халқы вакцинамен толық қамтамасыз етіледі", - деп жауап берді Тоғжанов.
Алайда мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин вице-премьердің жауабына қанағаттанбады.
"Ералы Лұқпанұлы, басқа сұрақ қойылды ғой. Комиссия қалай жұмыс істеп жатқанын біз ақпарат көздерінен естіп, біліп отырмыз. Нақты сұрақ қойылды. Ревакцинация жасау үшін вакцина сатып алуға 2022-2024 жылдарға арналған бюджетте қаражат қарастырылмаған. Қай қаражатқа сатып аласыз?", - деді спикер.
"Қаражат резервтен алынады", - деді Тоғжанов.
"Кімнің резервінен? Асқар Ұзақбайұлының ба?", - деп сұрады Нығматулин.
"Жоқ, үкіметтің резервінен алынады", - деп нақтылады Тоғжанов.
"Солай айту керек қой. Комиссия қалай жұмыс істеді, неше вакцина, оның бәрін біз білеміз. Құрметті үкімет мүшелері, тікелей сұрақтарға тікелей жауап беріңіздер. Лекцияны басқа аудиторияда оқисыз. Түсінікті ме?", - деп ескерту жасады Нығматулин.
Бүгін, 20 қазан мәжілісте "2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы талқыланды. Отырысқа премьер-министр мен үкімет мүшелері қатысты.