Бір кездері Қызылорда облысының Шиелі ауданында бүгінгі Ақмая мен Бидайкөл ауылдарының маңында мешіт ашып, ел ішінде шариғат үкімін жүргізген Қален атты молда болған. Ол кісі жайлы деректер көп сақталмаған. Шиелі ауданының Ақмая ауылындағы жасы 90-нан асып, өмірден өткен Әбілқас Дәрібайұлы деген ақсақалға көзінің тірісінде жолығып, Қален молда жайлы білгенін қағазға түртіп алған едік. Әбілқас ақсақалдың айтуынша, ол Қарнақ медресесінде білім алған екен. Қален молдаға қатысты деректер аз болғандықтан осы кісі айтқан бір әңгімені арқау етпекпіз.
"Қален молданың Қарнақ медресесінде шәкірт болып жүрген кезі. Бір күні ұстазы келіп барлық шәкірттерді жинайды. Сөйтіп, бір жерге хат апару қажеттігін айтады. Ал баратын жер атпен жорытқанның өзінде бір күн, бір түн жолға кететін қашықтықта орналасқан екен. Содан болу керек, әйтеуір ешкім хатты алып баруға емеурін таныта қоймайды. Тек бар шәкірттің ішінен Қален молда ғана баратын болып келіседі. Алайда ол бұл хатты біршама уақыттың ішінде тез апарып, қайта оралады. Ұстазы қысқа уақыттың ішінде қалайша тез апардың деп сеніңкіремей, артынан кісі жіберіп тексерткен. Бірақ, хат діттеген орнына жеткенін білген ұстазы Қален молданың тегін адам еместігін, оның әулиелігі бар екендігін айтыпты".
Бұл Әбілқас қарияның ойға түйгені, есте сақтағаны.
Ел ішінде Қален молданың талай жанға көмек бергені, аш-жалаңашқа болысқаны, жетім мен жесірге қолдан келгенше демеу болғаны жайлы да аңыз-әңгімелер айтылады. Соның бірі ретінде өзі өмірден өткеннен кейін қазіргі Бидайкөл мен Ақмая ауылдарының арасында болған мешіті турасындағы оқиғаны айтып өтуге болады.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін елге түрлі ұлттың өкілдері қоныс аударылады. Солардың қатарында диқандықты кәсіп еткен кәрістер де бар. Сол кәрістер мектеп салу мақсатымен Қален молданың мешітін бұзып, құрылыс материалдарын алған екен. Ақмаядағы егде тартқан кісілердің айтуынша, сол ауылдағы ескі мектептің ернеу ағаштары осы Қален молданың мешітінен алынғанға ұқсайды. Мұны тәуелсіздік алғаннан кейін осы ауылдың алғашқы имамы болған Мұрат ағамыз жеткізіп отыр.
Уақыт шіркін зымырап өте береді. Шиеліге 1970 жылдардан кейін уран өндірісімен айналысуға арнайы геологиялық бағытта жұмыс жасайтын экскпедициялар келе бастайды. Сол шақта уран аламыз деп жердің қойнауын зерттеуге кіріскенде біртүрлі адам сенгісіз оқиғалар болған. Жерді бұрғылап қанша тессе де, түнде бүкіл құрылғылар мен құбырлар быт-шыты шығып бұзылатын көрінеді. Ешкім ешнәрсені түсінбейді. Содан не керек, түнде жұмысшылардың барлығы шығып аңдымаққа бекінеді.
Сөйтсе, қолында аса таяғы бар ақ киімді кісі олардың барлығын тырқырата қуыпты. Бұл оқиға бірнеше рет қайталанған. Ақыры болмаған соң басшыларына мәлімдепті. Алайда олар да ештеңе істей алмайды. Жұмысты ары қарай жүргізу керек. Содан осы маңдағы ауыл-аймақты аралап, мұның не екенін сұрай бастайды. Көненің көзі болып қалған қариялар бұл маңда Қален молданың мешіті болғанын айтады. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін мешіт орнын қоршап, арнайы белгі соғады. Содан кейін ғана тылсым оқиғалар тиылыпты.
Қален молда мешітінің орнына соғылған белгіні Шиелідегі кен орындарында жұмыс жасайтындар жақсы біледі. Олай-бұлай өткендер құран оқып, дұға бағыштамай кетпейді.