Қоғам

Биыл Қазақстанда қыс қандай болады – синоптиктер болжам жасады

Қаңтар айында елдің солтүстігінде -40°С-қа дейін, ал оңтүстікте -30°С-қа дейін аяз болады деп болжанып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. Қазгидромет синоптиктері қыстың үш айына консультативті болжам ұсынды.

Синоптиктердің болжамынша, биыл Қазақстанда қыс климаттық нормаға жақын болады.

Желтоқсан

Желтоқсан айында солтүстік өңірлерде – бұрқасын, ал оңтүстікте тұман мен көктайғақ жиі болады. Ауа температурасы климаттық норма шегінде болжанады. Жауын-шашын мөлшері – республиканың басым аумағында нормадан аз, солтүстік пен шығыста – нормаға жуық, қиыр солтүстікте – нормадан көп.

Қаңтар

Қаңтар – жылдың ең суық айы, өйткені Моңғолия аймағынан ығысатын антициклонның әсері күшейе түседі. Түнде сынап бағанасы елдің солтүстік жартысында – -35-40°С-қа дейін, оңтүстікте -22-30°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Республиканың басым бөлігінде орташа айлық температура – нормадан 1-2° төмен, елдің қиыр батысында, оңтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында норма шамасында болады деп болжануда. Республика бойынша жауын-шашын мөлшері – көпжылдық нормадан аз, елдің қиыр солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және Алматы облысының оңтүстік-шығысында – норма шамасында.

Ақпан

Ақпан қыстың соңғы айы болғанымен, оның климаттық сипаттамалары мен циркуляциялық ерекшеліктері қаңтарға өте жақын. Қазақстанның солтүстік жартысында қар мен боран әлі де сақталады.

Орташа айлық температура елдің басым бөлігінде норма шамасында, оңтүстік-шығыста нормадан 1 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын республиканың басым бөлігінде – нормаға жуық, оңтүстік-батыс, Орталық Қазақстанның батысында – нормадан аз, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында – нормадан көп.

Оқи отырыңыз: