НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. Қазақстанда 20 қазаннан бастап карантиндік шектеулер жеңілдейді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Цойдың айтуынша, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын және вакциналауға жататын халықтың 70%-тен астамының екпе алғанын ескеріп, ведомствоаралық комиссия 2021 жылдың 20 қазанынан карантинді жеңілдету туралы шешім қабылдады.
Атап айтқанда, медициналық-әлеуметтік нысандардың (қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі және тағы басқа) пациенттеріне баруға рұқсат етіледі. Ол үшін вакцинаның екі дозасын алғаны туралы құжат немесе мерзімі 3 тәуліктен аспаған теріс нәтижелі ПТР-анықтама көрсету керек.
Сондай-ақ тек "жасыл" статусы бар адамдар үшін түнгі клубтардың жұмысы жанданады. Бірақ адам саны 50 проценттен аспауға тиіс:
- "жасыл" аймақта 100 адамнан;
- "сары" аймақта – 70 адамнан;
- "қызыл" аймақта 50 адамнан көп емес.
Бұдан бөлек, ASHYQ жобасына қатысатын бизнес нысандарының жұмыс уақыты ұзартылады:
- "жасыл" аймақта сағат 03.00-ге дейін, жоба лидерлері үшін – 05.00-ге дейін;
- "сары" аймақта 01.00-ге дейін, жоба лидерлері үшін – 03.00-ге дейін.