Оқиға

Шымкентте қоқыс жәшігінен сәбидің мәйіті табылды - видео

Жаңа туған нәрестенің денесі пакетке оралған, оны Рысқұлов көшесіндегі қоқыс жәшігіне тастап кеткен
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 қазан – Sputnik. Шымкентте жаңа туған нәрестенің денесі қоқыс жәшігінен табылды, оны аула тазалаушы тапқан, деп хабарлады Otyrar басылымы.

Полиция нәрестенің мәйіті табылғанын растады. Жаңа туған нәрестенің денесі пакетке оралған, оны Рысқұлов көшесіндегі қоқыс жәшігіне тастап кеткен.

Құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметі бойынша, денеде зорлық-зомбылық ізі болмаған. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Әлеуметтік желіде сәбидің денесі табылған жерден видео тарады.

Жергілікті тұрғындар сәби анасының әрекетіне қатысты пікір білдіріп жатыр. "Көп адам сәбилі бола алмайды, ал осындайлар баланы қоқысқа тастайды. Өмір – бумеранг, ештеңе жазасыз қалмайды", "адам сияқты жерлесе болар еді ғой, сәби де адам", деп жатыр желі қолданушылары.

Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 100-бабы (Жаңа туған баланы анасының өлтіруі) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды.

Қазанның басында осыған ұқсас жағдай Атырау облысында болды. 31 жастағы әйел жаңа туған нәрестесін көше дәретханасына лақтырып жіберген.

Оқиға 3 қазанда Индер ауданында болды. Сәбиге жансақтау бөлімінде көмек көрсетілді.

Оқи отырыңыз: