Дерекқор

Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: маңызды оқиғалардың хронологиясы - видео

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде еліміз біраз қиындықты еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсе білді. Қателіктер де болды. Дегенмен, Қазақ елі өз жолынан жаңылған емес
Sputnik

Sputnik Қазақстан 30 жылда Тәуелсіздіктің тұғырын биіктеткен негізгі оқиғаларға шолуды ұсынады.

Егемендік пен Тәуелсіздікті асықпай алудың себебі неде?

1990 жылдардың басында КСРО-да "егемендік шеруі" басталды. Алдымен Балтық жағалауы мемлекеттері өз егемендіктерін жарияласа, артынан одаққа мүше басқа да елдер осы бастаманы қолдады.

Ал Қазақ КСР 15 республиканың ішінде 14-ші болып өз егемендігін жариялады.
1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы кеңес "Мемлекеттік егемендік туралы" декларацияны қабылдады. Оған сәйкес, биліктің барлық тармағы республиканың өзіне өтеді.

Бірақ кейбір мәселелер одақ басшылығымен келісіледі. Ал егемен елде биліктің толық үстемдігін жасау үшін тәуелсіздік қажет.

1991 одаққа мүше болған мемлекеттер біртіндеп өз тәуелсіздіктерін жариялауға кірісті. Қазақ КСР тәуелсіздікті де алуға асықпады, КСРО елдері ішінде ең соңғы болып алды. Оның да өзіндік себебі бар. Одақ ыдырғаннан кейін зиялы қауым арасында талас-тартыс басталып кетті.

Оған қоса, қазақтар өз елінде саны жағынан басым ұлт болмады. Ал асығыс шешім басқа ұлттардың қарсылығын туғызып, этникаралық қантөгіске себеп болуы мүмкін еді.

Бұдан бөлек, егемен елдердің одағын құру жоспары болған. Бірақ ол іске аспай қалды. Содан 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Қазақстан Республикасының мемемлекеттік тәуелсіздігі туралы" конституциялық заңды қабылдады.

Тәуелсіздікке дейін президентті сайлап алдық

1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы кеңес Қазақ ССР президенті лауазымын бекітіп, сол күні осы қызметке Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Бұған дейін ол бір жылдан астам уақыт бойы Қазақ КСР Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.

1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев 98,78 процент дауысқа ие болды. Сайлау бюллетеніне "қарсымын" деген графа да енгізілді. Оны 107 мың адам белгілеп кеткен.

10 желтоқсан күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-дың атауын "Қазақстан Республикасы" деп өзгерту туралы заңға қол қойды. Ал Жоғарғы кеңес оны Қазақстан Республикасының президенті ретінде бекітті. Тура алты күннен кейін 16 желтоқсанда елдің мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Араға бес ай салып, 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы күштері құрылды.

Әнұранның авторын білесіз бе?

1992 жылдың 4 маусымында тәуелсіздіктің басты атрибуттары – Ту мен Елтаңба бекітілді. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков, ал Елтаңбаны Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.

Конкурс кезінде осы екі мемлекеттік рәміздің 1 500 нұсқасы ұсынылды.

Сол жылы 11 желтоқсанда Әнұранның мәтіні бекітілді. Оның жүздеген нұсқасы талқыланған. Соңында төрт ақын – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев мен Жадыра Дәрібаеваның мәтіні таңдалды.

Ал Қазақ КСР кезіндегі гимнің музыкасы қалды. Оның автолары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди.

Алайда араға 14 жыл салып, 2006 жылы 6 қаңтарда Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған "Менің Қазақстаным" әні Қазақстанның жаңа Әнұраны болып бекітілді. Композиторы – Шәмші Қалдаяқов.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаңа әнұранның мәтініне аз-кем өзгеріс те енгізілді. Осылайша, Елбасы авторлардың қатарына қосылды. Жаңа әнұран алғаш рет Назарбаевтың ұлықтау рәсімінде шырқалды.

Ата заңымыз қалай қабылданды?

1993 жылы тағы бір маңызды құжат рәсімделді. 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды.

Ата заңымыз ұзақ уақыт талқыланса да, екі жылдан астам уақыт қана қолданыста болды. Конституцияда Жоғары кеңес, президент пен сот билігінің тепе-теңдігі барынша сақталды. Парламенттік республиканың моделі негізге алынды. Мемлекет басшысы кеңес депутаттары алдында есеп беруге міндетті болған.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев кеңес депутаттарын талай рет сынға алып, маңызды экономикалық реформаларды іске асыруға кедергі жасайтынын айтты. Содан көп ұзамай, жергілікті кеңестер өз жұмысын тоқтататын мәлімдеді. Жоғарғы кеңес те таратылды. Оның құзіреті келесі сайлауға дейін президентке тапсырылды.

1994 жылы 7 наурызда Жоғарғы кеңестің жаңа құрамы сайланды. Дегенмен, бір жылдан кейін президент қаулысымен таратылды.

1995 жылы 29 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту бойынша референдум ұйымдастырылды.

Ал 30 тамызда тағы бір жалпыхалықтық референдум өтті. Онда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Содан бері оған бес рет сан алуан өзгерістер мен түзетулер енгізілген.

Қазақ ғарышқа жол тартты

Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ халқының өкілі алғаш рет ғарышқа аттанды. 1991 жылы 2 қазанда Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров жерді айналып жүрген "Мир" кешеніне ұшып барып, бір апта бойы зерттеу жұмыстарымен айналысты. Одан бір жыл бұрын егемендік туралы декларацияның қабылданғанын айта кеткен жөн. Сондықтан ол егемен елдің тұңғыш ғарышкері болды.

Ал қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев 1994 жылы 1 маусымда алғашқы сапарына аттанды. Ол кезде мемлекеттік тәуелсіздік туралы декларация қабылданып қойған. Артынан Мұсабаев ғарышқа тағы екі рет ұшып келген.

2015 жылы 2 қыркүйекте ғарышқа үшінші қазақ жол тартты. "Союз ТМА-18М" кемесінің бортинженері Айдын Айымбетов Халықаралық ғарыш станциясына аттанып, он күннен кейін жерге оралды

Теңге айналымға шықты

1993 жылы 12 қараша күні Қазақстанның ұлттық валютасы айналымға шықты. Басында ұлттық банк бір теңгені мың сомға бағалаған.

Артынан оны 500 сомға дейін түсірді. Ескі ақшаны бес күннің ішінде айырбастап тастады. Ұлттық валюта айналымға шыққанда бір долларға шаққанда бағамы 4,75 теңге болған.


Теңгенің алғашқы үлгілерін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлелов салған.

Валютаға белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар басылды.

Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте - Сүйінбай, бес теңгелікте - Құрманғазы, он теңгелікте – Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте - Абай, елу теңгелікте - Әбілқайыр хан, ал жүз теңгелікте Абылай ханның бейнесі сомдалды.

Уақыт өте келе, тарихи тұлғалардың бейнесін алып тастады. Ал 2016 жылы 1 желтоқсанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 10 000 теңгелік банкнот басылды.

Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті салынды. Артынан Елбасының бейнесі бар кәдесый монетасы да шықты.

Халықаралық беделіміз қалай көтерілді?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан халықаралық маңызы бар құжаттарға қол қойып, бірқатар ұйымға мүше болды. Осылайша, халықаралық дәрежедегі беделін көтеріп алды.

  • 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонды жабу туралы жарлық қабылданды;
  • 1992 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қосылды;
  • 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды;
  • 1992 жылы 15 мамырда Ұжымдық қауіпсізді шарт ұйымына кірді;
  • 1992 жылы Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымына қосылды;
  • 1994 жылдың 16 ақпанында Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойылды;
  • 1995 жылы 9-12 желтоқсанда Ислам ынтымақтастық ұйымының құрамына енді;
  • 2001 жылы Қазақстанның тікелей араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды;
  • 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылды;
  • 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болды;
  • 2016 жылы Қазақстан Орталық Азияның елдері ішінде бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды;
  • Қазақстан 2022-2024 жылдарға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Қазақ елі ықпалды халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Мәселен, 2002 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірінші саммиті ұйымдастарылды. 2010 жылы Қазақстан мұсылман елдерінің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету абыройына ие болды. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Оған 28 мемлекеттің басшысы қатысты.
2017 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті де қазақ жерінде өтті. Осы шарада Астана декларациясы қабылданды.

Қазақстан қолға алған бастамалар

Осы уақытқа дейін Тәуелсіздіктің тұғырын күшейткен бастамалар да аз болған жоқ. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Осы ұйымның негізгі мақсаты - елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету. Бұдан бөлек, маңызды әрі тиімді шешімдер қабылданды.

Олар:

  • 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан күндері Алматыда Дүниежүзі қазақтарының I құрылтайы өтті.
  • 1993 жылы 5 қарашада "Болашақ" халықаралық стипендиясы құрылды. Содан бері мыңдаған қазақстандық әлемнің үздік университеттерінде білім алып, тәжірибесін шыңдап қайтты.
  • 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола ресми түрде Қазақстанның елордасы атанды. Бір жылдан кейін Ақмоланың атауы "Астанаға" өзгертілді. Ал 2019 жылы Нұр-Сұлтан деп ауыстырылды. Қала күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен қатар аталып өтеді.
  • 2000 жылдың 30 маусымында Қазақстан ең ірі жоба - Қашаған мұнай-газ кен орнын іске қосты. Ол соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны болып саналады.
  • 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтой ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.
  • 2003 жылы Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі өтті. Конгреске 23 елден 17 делегация қатысты.
  • 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында VII қысқы Азия ойындары ұйымдастырылды. Қазақстан спортшылары 70 медаль жеңіп алды. Соның ішінде 32 алтын жүлде бар.
  • 2017 жылы Астанада ЭКСПО халықаралық мамандырылған көрмесі өтті. Үш айға созылған шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге 4 миллион адам келіп кетті. Олардың ішінде жарты миллион шетелдік бар.
  • 2017 жылы Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиада ұйымдастырылды.
  • 2018 жылдың 5 шілдесінде ЭКСПО көрмесінің қалашығында Астана халықаралық қаржы орталығы ашылды. Ол Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің экономикасын байланыстыратын бизнес пен қаржының аймақтық орталығы ретінде шешуші рөл атқарады деген жоспар бар.

Халық сынына ұшыраған шешімдер

Тәуелсіздіктың алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Жұмыссыздық көбейіп, зейнетақы мен жалақы уақытында төленбеді. Бюджетке түсетін салықтың көлемі азайды. Ал үкімет әлеуметтік төлемдерді жасай алмады. Содан зейнетақы жүйесін өзгертуге шешім қабылданды.

Алдымен зейнетке шығу жасы әйелдер үшін 58 және ерлер үшін 63 жасқа дейін ұзартылды. Артынан зейнетақы жинақтау тәртібі енгізілді. Зейнетақы айдың басында емес, соңында төлене бастады. Осылайша, біраз қаржы үнемделді.

Алайда зейнет жасын ұзарту онымен тоқтаған жоқ. 2012 жылы әйелдерді зейнетке шығу жасын ерлермен теңестіруге ұсыныс жасалды. Бұл бастама халық наразылығын туғызды. Барлығы қарсы болды.

Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасы мәжіліске қайтарып, әйелдердің зейнет жасын біртіндеп көтеруді ұсынды. Осылайша, 2018 жылдан бастап жарты жылдан қосылады. Ал 2027 жылы қазақстандық әйелдердің бәрі 63 жасында зейнетке шығатын болады.

Дегенмен, заң бойынша зейнетке ерте шыға адамдар бар.

Олар:

  • 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;
  • Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған қазақстандықтар: ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста.

Халық сынына ұшыраған тағы бір ауқымды бастама ол - LRT жобасы. Астанадағы жеңіл рельсті көлік құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты.

Артынан "Астана банкінде" тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. Биыл наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, тәуелсіздік алғалы бері ауыз су мәселесі толығымен шешілмей келеді. Жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ әлі күнге дейін өзекті болып тұр.

Ұлттық жобалар дәуірі басталды

30 жылдың ішінде Қазақстанда экономика, мәдениет пен руханиятты дамытуға арналған біраз мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды.

Алдымен "Қазақстан - 2030" стратегиясы басшылыққа алынды.

Ал 2012 жылы "Қазақстан-2050" стратегиясы жарияланды. Соның аясында салалық бағдарламалар қабылдана бастады. Жалпы, тәуелсіздік жылдары біраз құжаттар қабылданды.

Негізгі бағдарламалар:

  • Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы;
  • Бизнестің жол картасы;
  • "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы;
  • "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы;
  • "Рухани жаңғыру" бағарламасы (президенттің мақаласы негізге алынды);
  • Цифрлық Қазақстан
  • "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму бағарламасы;
  • "Еңбек" бағдарламасы.

Бұдан бөлек, білім, денсаулық, ұлттық қауіпсіздік, экспорт, тіл саясаты, туризм, агроөнеркәсіп кешені, аймақтарды дамыту, жемқорлықпен күрес, дағдарысқа қарсы шаралар және тағы басқа маңызды бастамалар қолға алынды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды бағдарламалардың дәуірі өтті деп санайды. Сол себепті ондай құжаттарды ұлттық жобаларға айналдыруға тапсырма берілді. Осылайша, негізгі мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік болады.

Жаңа президент қалай сайланды?

2019 жылы 19 наурыз күні кешкі сағат 19:00-де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа бейнеүндеу жолдап, өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімеді. Осылайша, елді 30 жыл басқарған президент өз еркімен қызметінен кетті. Қазақстандықтар үшін бұл тосын мәлімдеме болды.


30 жылдың ішінде Назарбаев президент қызметіне бес рет сайланған. Елбасы өз орнына сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Басында ол мемлекет басшысының міндетін атқарды. Ал 9 маусымда кезектен тыс сайлауда 70 пайыздан астам дауыс жинап, ресми түрде президенті атанды. Назарбаев болса, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалды.

30 жылдың ішінде қазақ халқы қалай өсті?

1999 жылы Қазақстанда алғашқы халық санағы өтті. Оған сәйкес, республикада 14 миллион 953 мың адам тұрған.

Бұдан он жыл бұрын өткен бүкілодақтық санақ кезінде 16 миллион 400 мың адам тіркелген. Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халықтың саны азайды. Алайда қазақтардың үлесі арта түсті. Шетелдегі қандастар да көп келді. Осы уақытқа дейін миллионнан астам этникалық қазақ атамекеніне оралды.

Биыл Қазақстан халқының саны 19 миллионнан асты. Қазақтардың үлесі 70 процентке жетті. Дегенмен, елдің полиэтникалық құрамы сақталып отыр. Қазақ жерінде 100-ден астам ұлт пен ұлыс бар. 

Оқи отырыңыз: