НҰР-СҰЛТАН, 17 қазан — Sputnik. Семей қаласында оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді көше сыпыруға жіберді деген ақпараттан соң білім және ғылым министрлігі тексеріс бастады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде көше сыпырып жүрген мұғалімдердің суреті жарияланған еді. Ата-аналардың бірі балаларға сабақ болмағанын айтты. Оның орнына мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген.
Министр Асхат Аймағамбетов 2019 жылдың желтоқсанында қабылданған заң шеңберінде педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартуға тыйым салынатынын ескертті.
"Содан бері мұғалімдер тек тікелей функционалдық міндеттермен айналысуы керек екенін түсінуге уақыт жеткілікті болды. Мұндай бұзушылықтар үшін екі жүзге жуық басшы жазаланды. Олар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті жұмыстан шығарылды", - деп жазды ведомство басшысы.
Ол шамасы, мұндай тапсырманы қала әкімінің орынбасары беріп, хат мектептерге таратылды деген болжамын бөлісті.
"Семей қаласындағы оқиғаға байланысты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік іс қозғап, тексеру жүргізіліп жатыр. Қала әкімі орынбасарының бұл жағдайға қатысы бар екені расталсав, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біз сондай-ақ қажетті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүгінеміз", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар қалалық білім бөлімінің басшысы да жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.