Өңірлер

Шығыс Қазақстанда полицейлер ауыр қылмысты ашты

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 9 ай бұрын екі қартты өлтірді деген күдікке ілінген ер адамды ұстады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында полицейлер жыл басында жасалған ауыр қылмысты ашты.

Қаңтарда Алтай ауданының Прибрежный елді мекенінде тұрғын үйлердің бірі өртенді. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды сөндірді, бірақ олар үйге кіргенде қорқынышты көрініске куә болған, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары өртеніп кеткен екі зейнеткердің – 83 жастағы әйел мен 74 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Өртке дейін оларды пышақтап тастағаны анықталды.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының екінші бөлігі "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазан айында полиция қылмысты жасады деген күдіктіні анықтады.

Ол 37 жастағы ер адам болып шықты. Тергеу мәліметі бойынша қаскүнем адам өлтіргеннен кейін бірден үйді өртеп, қылмыс орнынан қашып кеткен. Қазір күдікті қамауда, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.