Оқиға

Павлодарда көлік дүкенге кіріп кете жаздады – апат фотосы

Жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті. Заң бойынша ол жарты жылға көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде Павлодар қаласындағы жол апатының суреті тарап кетті. Toyota маркалы көлік дүкеннің кіреберісіне шығып кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға қазанның 13-нен 14-не қараған түні Қатаев көшесінің бойында болған. Mercedes мінген көлік жүргізушісі тұрақтағы Toyota-мен соқтығысқан. Жапондық авто дүкеннің кіреберісінен бір-ақ шыққан.

Қазіргі кезде Mercedes жүргізушісіне іздеу жарияланды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы ("Көлiк жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiктің немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы") бойынша әкімшілік өндіріс басталды.

Осы бап бойынша кінәлі адамға 20 АЕК (58 340 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады немесе 6 айға дейінгі мерзiмге көлiк басқару құқығынан айырылады.

Жыл басынан бері облыста 2 075 жол апаты тіркелді.