НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан - Sputnik. Sputnik Қазақстан тілшілері әлемдегі ең танымал TikTok үйі – Алматыдан шыққан "YOLO House" қатысушыларымен сұхбаттасты. Миллиондаған оқырманы бар блогерлер өздерінің күн тәртібі, жоспарлары мен жетістіктері, сондай-ақ қазақстандық танымал Q-pop топ - Ninety one тобымен коллаборация жайлы айтып берді.
TikTok house – бұл бірнеше блогер бірігіп ортақ контент дайындайтын баспана. Авторлардың блог дайындаудағы күш-қуатын бір баспана астында біріктіру идеясы YouTube-тан басталды.
"The Hype House" деген атаумен әлемдегі алғашқы TikTok үйі 2019 жылы АҚШ-та пайда болды. Қазақстанның тұңғыш TikTok үйі – Bip House, оның құрамына 9 блогер кіреді.
2 қазанда алматылық YOLO House 1 жасқа толды. Біраз уақыт бұрын қазақстандық YOLO House алғаш рет орыс тілді TikTok-блогерлердің 30 үздігінің тізіміне кірді. Brand Analytics рейтингіне сәйкес, тамызда блогерлердің фанаттары бір айдағы видеоларға 1,3 миллион хабарлама қалдырған. Қыркүйекте қазақстандық TikTok үйінің оқырмандар саны 20 миллионға жетіп, әлемдегі ең танымал блогқа айналды. Бұған дейін ұзақ уақыт бойы америкалық Hype House көш бастап келгенімен, қазақстандықтар оларды басып озды.
Bip House секілді YOLO House та JKS Entertainment компаниясының бір бөлігі. Бұл екі хаус та ағалы-інілі Асхат пен Азат Халимовтерге тиесілі. Азат Халимов бүгінгі күні танымал болған TikTok үйін бәстесу арқылы құрған.
Біз фотограф әріптесіміз екеуміз қала орталығында орналасқан YOLO House үйіне келдік. TikTok үйіне қатысушылар бізді түрлі жарық шамдары, ерекше реквизиттер мен жоспар тақтасы орналасқан қонақ бөлмеге шақырды.YOLO House-та миллиондаған оқырманы бар жеті блогер тұрады.
Алайда біз барғанда үйде тек бесеуі болды. Томирис пен Адалят демалыста екен.@raidess никнеймі арқылы таныс Радион хаусқа келгенге дейін би үйретіп, хореограф қызметін атқарған. Қазір тикток түсіріп, пианинода ойнайды, би билеп, ән айтады. Ренатты фанаттары @rendi_popping никнеймі арқылы біледі. Ол тиктокқа дейін хореограф болған, сондай-ақ Румыниядағы таланттар шоуына қатысқан.
YOLO House-тың келесі қатысушысы Аслан Жапырақ, яғни Серіков Аслан Арманұлы (@japyr667). Ол 18 жаста.
Алина әлеуметтік желіде Хомяк (@homm9k) ретінде танымал. Ол да 18 жаста. Бүгінде оның аудиториясы 31,6 миллион оқырманды құрайды.
Ал Батыр TikTok-та @batyr.white никнеймімен таныс. Оның оқырмандарының саны 9,9 миллионнан асады.
- Сіздер үшін YOLO House не?
Аслан: YOLO House мен үшін отбасы. Бастапқыда мен TikTok түсіреміз, көңіл көтереміз, ойнап-күлеміз деп ойладым. Алайда іс жүзінде бұл өте маңызды іс. Мен адамдарға өздеріңізден ұялмаңыздар, өз қабілеттеріңізді ашудан қысылмаңыздар дегім келеді. Ән айтуды қаласаңыз – айтыңыз, билегіңіз келсе – билеңіз. Ештеңе істегіңіз келмесе – істемеңіз.
Хома: Мен үшін YOLO House ең алдымен отбасы, содан кейін жұмыс. Себебі біз бір жыл бойы бірге тұрып жатырмыз, бірге жұмыс істеп жатырмыз, бір-бірімізді жақсы білеміз. Ал мақсаттарымызға келсек, олар өте ауқымды. TikTok біз үшін болашақта биік белеске апаратын үлкен трамплин іспеттес. Біздің әрқайсысымыз өз мақсатымыз бен болашаққа жоспарымыз бар. Мен бала кезден актриса болуды армандадым. Біз Қазақстанда тұрамыз. Бізді мұнда өте жақсы қолдайды. Шындығында, блогерлік – оңай іс емес. Бізді жай ғана камераға қарап қисалаңдайды, бұл өте оңай деп ойлайды. Олай емес. Бұл ауыр. Хауста бастапқыда біз видео түсіру үшін өте ұзақ жұмыс жасадық. Бес видео түсіру үшін түнімен ұйықтамаған кездер болды. Қазір әрқайсымыздың үлкен тәжірибеміз бар.
Батыр: YOLO House – біз өзіміз өте қатты жақсы көретін оқырмандарымыз үшін контент түсіру мақсатында бас қосқан блогерлер үйі. Мұнда бәріміз бір командамыз, отбасымыз. Мақсатымыз ауқымды демесек те, өте үлкен. Біз кез келген адам TikTok арқылы танымал бола алатынын дәлелдеп, медиа саласында танымал болуды қалаймыз. Адамдарды өз тұлғалық қасиеттерінен, ішкі дарынынан қысылмауға шақырамыз.
Радион: YOLO House – бұл TikTok үйі, мұнда түрлі тиктокерлер видео түсіріп, бірге тіршілік етеді. Мұның мәні не? Сенің сырт келбетің қандай екені, қай ұлттың өкілі екенің, немен айналысатының маңызды емес. Сен белгілі бір іспен айналысып-ақ танымал бола аласың. Видео түсіруді күрделендірмеуге болатынын көрсеткіміз келеді. Себебі YOLO House – бұл қарапайымдылық, біз еш жасандылықсыз, өзімізді қаз-қалпымызда көрсетеміз. Әрине, мақсатымыз бар. Мақсатымыз болмаса, №1 болмас едік. Бізде мақсат жайлы айтпау туралы наным бар. Өйткені хаусты бастағанда біз мақсатымызды жария еттік. Алайда олар орындалмады.
Ренат: Мен барлық айтылғандармен келісемін. Біз осы жыл ішінде достан да жақын бола түстік, туыс секілдіміз. Әлемде 1-орынға көтерілгеніміз үшін және 20 миллион оқырман жинағанымыз үшін қуаныштымыз. Бұл оңай болған жоқ. Біз қазақстандық TikTok-ты жаңа деңгейге көтердік. Біз барынша тырыстық және бүгінде сол еңбегіміз ақталды.
- 2 қазанда YOLO House бір жасқа толды. Хаустың негізін салған кім? Оның құрамына кіру үшін арнайы кастинг жүргізілді ме?
Ренат: Негізін қалаушылар – мистер Бум, мистер Crazy және Бексұлтан, олар біздің продюсерлеріміз. Олар бізге хабарласып, Хаусқа шақырды. Біз Батыр екеуміз бірінші болып кірдік. Алматыдағы осы хаусқа кіру үшін Астанадан келдік, мақсатымыз, арманымыз болды. Армандарымыз орындалды.
Радион: Бізді продюсерлеріміз жинады. Бір-біріміз жайлы білмедік. Мен Хомадан басқасын танымадым. Мүмкін басқалары бір-бірін таныған болар. Кейіннен жақын таныстық, әңгімелесіп, жақсы адамдар екеніне көзім жетті. Кастинг болған екен, бірақ ол жайлы біз білмедік. Іріктеу мұқият жүргізілген екен.
Аслан: Блогерлер көп болды, бізді іріктеп алды. Қазір жетеуміз. Томирис бүгін ғана Италиядағы оқудан келді, Адалят демалыста.
- Неге сіздерді таңдады деп ойлайсыздар?
Аслан: Бізге түсіндіргендей, біздегі концепт мейлінше алуан түрлі, жан-жақты.
Радион: Дәл солай.
Хома: Бізде көшбасшы жоқ: қыздар да, жігіттер де, бәрі тең.
Аслан: Бізде демократия, егер келісе алмай жатсақ, сулифа арқылы шешеміз (Тас, қайшы, қағаз ойыны – Sputnik).
Ренат: Барлығын дауыс беру арқылы шешеміз.
Радион: Басында көшбасшы керек деп ойладық. Алайда бәріміз бір-біріміздің сөзімізге құлақ аса алсақ, көшбасшының қажеті жоқ екенін түсіндік.
- Міндеттерді өзара қалай бөлісесіздер? YOLO House мүшесінің нақты бір міндеттері бар ма?
Хома: Әрқайсымыз әр іске жауаптымыз.
Аслан: Басында біреуміз монтаж жасай алмадық, біреуміз билей алмадық. Мен әлі де билей алмаймын. Ал қазір барлығы қолымыздан келеді. Егер біреуміз болмасақ, одан әрі жұмыс жүргізе береміз. Тіпті шешімін таппаған жағдайда, продюсеріміз, мистер Бум көмекке келеді.
Ренат: Әр апта сайын міндеттерді өзара ауыстырып отырамыз. Бұл барлығымыз қажетті қабілетті үйрену үшін қажет.
Аслан: Кезекшілік әр күнге бөлінген. Видео да, сторис салу да.
Радион: Мен мынаны істей алмаймын деп айтуға болмайды. Кезек жеткенде, барлығын орындау қажет.
- Тайм-менеджмент жайлы айтсаңыздар.
Радион: Барлық күнді to-do list – яғни жоспар парақшасына жазып отырамыз. Ұйқыдан өте ерте оянамыз. Ең кеш дегенде 9-да тұрамыз. Әдетте сағат 8-де тұрамыз да, таңғы ас ішіп, брифинг, түсірілім, жобалар бойынша жұмыс жасаймыз. Брифингсіз іске кіріспейміз. Әр видеоны салу үшін уақыт белгілеп, қоңырау қоямыз. Әр күніміз өнімді.
Аслан: Осы аптада видео жариялауға @batyr.white жауапты. Батырхан "жариялау сағат 12.10-да" деп жазады. Сағат 17.00-те түрлі елдің билері түсіріледі.
Аслан: Мен ояна салып to-do list қараймын да, қаншада және қайда бару керек екенімді біліп аламын.
Радион: Біз о бастан осы кестеге үйрендік.
- Хаус қатысушыларының бірін демалыста дедіңіздер. Демалысты ертерек жоспарлайсыздар ма?
Аслан: Шаршасаң, демалып келесің.
Ренат: Ол соншалық оңай емес. Алдымен барлық шаруаны тындырып, продюсерлерге ескерту керек. Егер демалып, басқа жаққа саяхатқа кететін болсаң, тірлікті аяқтау қажет.
Радион: Демалыста болған кезде жоба бойынша міндеттерден босатыласың. Сондықтан демалыс жайлы ертерек ескертеміз. Ертең сұхбатқа бару керек болса, мен демалысқа кетемін деп айту жарамайды.
Жексенбі күні демаламыз.
- Шабытты қайдан аласыздар? Сюжетті қалай ойлап табасыздар және тақырыпты қалай таңдайсыздар?
Ренат: Біз brain-storming өткізіп, идеяны ортақ талқылауға салып, сол идея арқылы басқа ұсыныстар айтамыз. Сонымен қатар сериалдар, фильмдердегі идеяларды қолданамыз, басқа видеолардан, өз видеоларымыздан шабыт аламыз. Бастысы ол идея барлығына ұнап, видео түсіруге барлығы құлшыныс білдіруі керек.
Радион: Біз үшін идея ойлап табатын адам бізде жоқ.
- Сүйікті видеоларыңыз бар ма?
Ренат: Маған біздің Naruto or Sasuke айдарымыз ұнайды. Бізде ондаған миллион адам көретін айдар бар. Жақында соны қайта жаңғыртамыз.
Хома: Барлығымыз билеген видеоны ұнатамын. Ол кезде тіпті Аслан да билеп, бәрімізді таңғалдырды.
Аслан: Маған siblings туралы видео ұнайды. Отбасы жайлы.
Батыр: Маған барлығы ұнайды.
Радион: Маған бастапқы видео ұнайды. Енді видео түсіріп бастаған кезде біздің әрқайсымыз балауыз үрледік, қолымызда торт болды. Бұл ностальгияға толы, флешбэк те көп. Мен үшін бұл хаустағы және жеке аккаунтымдағы алғашқы видео.
- Аудиторияларыңыз қандай? Өз оқырманыңызды сипаттап бере аласыздар ма?
Ренат: Біздің оқырманымыздың саны 20 миллионнан асады. Оларды жеке сипаттау қиын. Әйтсе де оқырмандарымыздың жас аралығы 13-25 деп ойлаймын.
Радион: Олардың арасында ересектер де бар.
Аслан: Бізге бір күні әже мен немересі келіп, бірге суретке түсуді өтінді. Бізді немересі таныған болар деп ойласақ, бізбен суретке әжейдің түскісі келген екен. Бұл таңғалдырды.
Радион: Біздің бүкіл әлемде оқырмандарымыз бар.
Хома: Біздің видеоларымызды бүкіл әлем көреді. Балалар да көретін болғандықтан, өз контентіміз алдында, өз әрекетіміздің жауапкершілігін жақсы түсінеміз. Біздің контентті "халал" деуге болады. Жартылай жалаңаштану, бейәдеп сөздер қолдану жоқ. TikTok-та мұндай контент жетіп артылады. Сондықтан балалар олардан үлгі алмаса дейміз.
Аслан: Біздікі kids-friendly контент, ол балалар үшін де, ересектер үшін де қолайлы.
- Хейтерлеріңіз бар ма? Оларға деген көзқарастарыңыз қандай?
Радион: Оң. Бұл өз пікірі бар адамдар.
Аслан: Пікірлері үшін рақмет айтқым келеді. Негізінде, хейтерлер – бұл өте мұқият әрі белсенді оқырмандар.
Ренат: Ең үздік оқырмандар, сіздер біздің белсенділігімізді арттырасыздар.
- Сіздерді қай елдегі оқырмандар көп көреді?
- Қазақстан, Ресей, Индонезия, Филиппин, Вьетнам, АҚШ, Германия. Статистикаға сәйкес, әр елде шамамен 7 процент. Бізде жаһандық аудитория.
- Сіздерде жақында қазақстандық танымал Q-pop топ – NinetyOne-мен коллаборация болды. Бұл кімнің идеясы? Бірлескен жұмыс жайлы айтсаңыздар.
Радион, Ренат: Нақты білмейміз, бірақ продюсеріміз Мистер Бумның бастамасы болуы керек.
Аслан: Жақсы жігіттер.
Радион: Олар тамаша адамдар. Олар жұлдыз болғандықтан, тәкаппар ма деп ойладық. Бірақ өте қарапайым екен. Үш-төрт сағат бойы видео түсірдік. Алайда жақсы әңгіме құрып, уақыт жылдам өтіп кетті.
- Қазақстандық Yolo House оқырмандарының саны 20 миллионға жетті және ол әлемде танымал болды. Сіздер қандай сезімде болдыңыздар?
Радион: Қуандық әрине. Бірақ "қалайша?" деп таңданбадық. Себебі мақсатымыз осы болатын. Сол мақсатқа жеткеніміз үшін мақтанамыз. Бірақ күтпеген жағдай болды дей алмаймын.
Хома: Біз санмен шектелмейміз. Біз өз жұмысымызды орындап, мақсатымызға қарай келе жатырмыз.
- Оқырмандарыңызбен байланыстарыңыз қандай? Олардың пікірлеріне жауап бересіздер ме?
Әр жұма сайын сағат 21.00-де тікелей эфир өткіземіз. Пікірлерге де жауап береміз. Дайректке келген хаттарға да жауап қайтарамыз. Көшеде оқырмандарымызбен суретке түсеміз.
- Әлемнің қандай елдері мен қалаларында болдыңыздар?
Черногорияда, Мәскеуде, Түркияда болдық, Қазақстан қалалардан Орал, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Нұр-Сұлтанда болдық. Біз саяхаттағанды жақсы көреміз, бірақ локдаунға байланысты мүмкіндік көп емес. Біз қайда барсақ та видео түсіреміз. Бұл демалыстың бір бөлігі.
- Ата-аналарыңыз бен достарыңыз жобаға қалай қарайды?
Радион: Мен ата-анам мен айналысатын іске толерантты қарайды. Олар маған әркез қолдау көрсетеді. Менде бәрі жақсы.
Ренат: Достарымыз қуанышты, қолдау көрсетеді. Олар менің ең жақын достарым. Бірақ уақыт тығыздығына қарай олармен сирек кездесемін. Анаммен үнемі байланыстамын. Мен үшін TikTok көре бастады. Кейде өз идеяларымен бөлісіп отырады.
Батыр: Мен 11 сыныпты тәмамдап, TikTok түсіре бастағаннан кейін үш айдан соң мені хаусқа шақырды. Мен мұны анама айттым. Ол да барлық ана секілді мен үшін алаңдай бастады. Бірақ мен бәрі жақсы болады деп Алматыға келдім. Анам қазір маған қолдау көрсетеді.
Аслан: Қолайды. Маған қоңырау шалып, ертең хаусқа келуімді сұрады. Мен ол кезде Павлодарда болдым. Мән-жайды анама түсіндіріп, Алматыға келдім. Анам барлығын түсінді, ата-анам маған сенеді.
Хома: Менің ата-анам мен үшін қуанышты. Себебі мен бұл жобадан өзімді таптым. Менің жиенім мен түсірген видеоларды көреді. Сонда жүрегім елжірейді. Анам продюсерлерімізді танитын. Сондықтан сенім бар. Мен хаусқа келгенімде де Радион мен Асланды танитынмын. Сондықтан қатты уайымдамадым.
- Жобадан басқа қандай іспен айналысасыздар?
Радион: Батыр, Аделя және Хомадан басқалары оқиды. Олар бимен, вокалмен, актерлік, дикторлық шеберлікпен және ағылшын тілін меңгерумен айналысады.
Хома: Осы жылы 11 сыныпты тәмамдадым. Сондықтан бұл жылды өз жұмысыма, қызметіме арнағым келді. Келесі жылы шығармашылық мамандыққа оқуға тапсырамын. Актерлік шеберлік, режиссура жайлы ойланып жүрмін. Шетелде оқығым келеді.
- Оқырмандарыңызға не айтасыздар?
Радион: Біздің контентті көретіндеріңіз үшін рақмет! Біздің алғысымыз шексіз. Сіздердің арқаларыңызда 1 орынға көтерілдік. Бұл үлкен қолдау. Себебі бізді жақсы көресіздер. Сіздер ең мықты оқырмансыздар. Осылай жалғаса берсін.
Атап өтсек, TikTok – бұл қысқа видеолар түсіруге және тамашалауға арналған сервис. Ол 2018 жылы іске қосылды. Ол Қытайдағы Douyin видеоплатформасының халықаралық баламасы болып табылады. TikTok-тың әлемдік аудиториясы 800 миллион адамды құрайды. TikTok-тағы аудиторияның 60%-і 18-35 жас аралығындағы адамдар. Күн сайын TikTok-қа бүкіл әлемдегі 40 миллион желі қолданушы кіреді.