Әлем

Путин ТМД арнайы қызметтерінің өзара әрекеттестік деңгейін арттыруға шақырды

Владимир Путин ТМД елдері күш-қуатын біріктіре отырып, ұлттық даму мәселелерін тиімді шеше алатынын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан — Sputnik. ТМД елдерінің арнайы қызметі өзара әрекеттестік деңгейін арттыруы керек. Бұл әсіресе Ауғанстан аумағынан келетін ықтимал қауіпті жою үшін зор маңызға ие. Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдері арнайы қызмет басшыларымен видеобайланыс арқылы кездесуі барысында осындай мәлімдеме жасады, деп жазды РИА Новости.

"Одан әрі дамытуды қолға алып, барлық маңызды бағыт бойынша өзара әрекеттестік деңгейін арттыру керек. ТМД елдері қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Ауғанстан аумағынан төніп тұрған қауіп-қатерді жоюдың маңызы зор. Бұл елдегі оқиғалар Орталық Азия, Күнгей Кавказ және басқа өңірлердегі ахуалға қалай ықпал ететінін бәріміз жақсы түсініп отырмыз", - деді Путин.

Ол Ауғанстанның шекара маңы аймағындағы жағдай алаңдатып отырғанын айтты. Путин ТМД кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көп мәселенің шешімі арнайы қызмет жұмысына байланысты екенін мәлімдеді.

Ресей президенті Ирак пен Сириядағы террористер Ауғанстанда бас қосып жатқанын және олар ТМД-дағы жағдайды шайқалтуға әрекет етуі мүмкін екенін айтты.

"Осыған байланыста ауған шекарасындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, содырларға қарсы әрекет жүргізуге дайын болу керек. Ол үшін күш құрылымдары жұмыстарын үйлестіріп, қажет болған жағдайда бірлескен арнайы операциялар өткізу керек", - деді Ресей басшысы.

Сонымен қатар Владимир Путин ТМД елдері күш-қуатын біріктіре отырып, ұлттық даму мәселелерін тиімді шеше алатынын айтты.

"Бүгінде, ХХІ ғасырда ТМД елдері өз күш-қуаты мен әлеуетін біріктіріп, ұлттық даму бағытындағы ауқымды мәселелерді әлдеқайда тиімді шеше алады, серіктес әрі одақтас ретінде жарқын болашақ үшін бірлесіп жұмыс атқара алады", - деді Ресей президенті.

Ол қазіргі уақытта ТМД бірлестікке мүше мемлекеттердің конструктивті диалогы мен көпжоспарлы өзара әрекеттестігі үшін беделді әрі тиімді алаң болып отырғанын айтты. Путиннің айтуынша, ТМД елдерін ортақ тарих пен тату көршілік және табысты ынтымақтастық біріктіріп тұр.

Сонымен қатар Путин ТМД елдерінің арнайы қызметін өз мемлекетінің экономикалық мүдделерінің орындалуын талап етуге шақырып, бәсекелестік басымдықтарға әлі де жете мән берілмей жатқанын айтты.

"Сауда, инвестициялық, қаржы, көлік ағынының көлемі мен қарқыны артып жатыр. Сондықтан біздің бәсекелестік артықшылықтарды қолданудағы бірлесе жұмыс істеуімізге, ортақ мәселелерді шешуде әлеуетті біріктіруімізге қырын қарайтындар, оған кедергі болғысы келетіндердің пайда болуына ықпал етуде. Сол себепті біздің арнайы қызмет Достастық мемлекеттерінің экономикалық мүдделерін талап етуде бұрынғыдай өз үлесін қосуды тоқтатпауы керек. Олар бәсекелестікті нығайту және қарқынды даму бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажет", - деді Путин ТМД елдері арнайы қызмет басшыларымен кездесу кезінде.

Оның айтуынша, соңғы жылдары ақпараттық кеңістік белсенді дамып жатыр, ол кәсіпкерлік, білім алу, байланыс орнату үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Сонымен қатар цифрлық технологиялар экономикалық алаяқтықтан бастап есірті сату және экстремизмді насихаттау сынды қылмыстарды жасау үшін де қолданылып жатқаны анықталып отыр.