НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Түркістанда мектепте таяқ жеген 5-сынып оқушысы көз жұмды. Оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектептің дәретханасында ұрып-соққан дейді әжесі. Жарақат алған балақай бірнеше күн ауырып, ақыры ауруханада көз жұмған.
Баланың жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы, деп хабарлады КТК.
Тұңғыш немересі Рамазанның денесін бірер сағат бұрын ғана жерлеген әжесіне көк сөмкені құшақтап егіліп жылағаннан басқа қайран жоқ. Өткен жұма күні мектепке кеткен оқушы сабақтан соққы жеп келген. Денесі ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты.
"Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Басынан қатты соққы алып, қан ұйып қалған. Одан кейін тамыры қысылып қалған деді. Иә, бүйрегі де ісіп кеткен. Ол бала "мен осы сыныптың атаманымын" деп, жуас балалардан тиын-тебен алады екен. Сонда әлімжеттік болып тұр ғой", - дейді марқұмның әжесі Гүлнәр Маханова.
Рамазан оқыған №18 мектеп-гимназияда әлімжеттік көп болады деген әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады екен. Бірақ мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болған жоқ дейді директор.
"Ата-аналармен жұмыс жүргіздік. Соққы жеді деген сөзді ешкім айтпады. Бізге сынып жетекшісін ауыстырып, шамалы қаталдау, талапшыл мұғалімді қойсаңыз деген ұсыныс білдірді. Ал баламыз үшін алаңдаймыз деген сөз болған жоқ", - дейді Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Уәлихан Бесімбаев.
Мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Тіпті таспаны кері айналдыруды білетін мектепте маман жоқ деп құтылды. Десе де бұл іске қазір полиция араласып жатыр.
"Түркістан қаласы полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Сараптама қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады", - деп түсіндірді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.
Құрсақта жатқанда әкесіз қалған Рамазанды әжесі бауырына басып өз ұлындай өсірген екен. Енді небәрі он жасар немересінен айырылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек. Олар мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған мектеп басшылығын түгел тексерсін деп талап қояды.