Қоғам

Ведомствоаралық комиссияның отырысында бірқатар маңызды шешім қабылданды

Отырыста Алексей Цой елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Қазақстанда соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны 30%-ке, өлім-жітім 40%-ке азайды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтты.

ВАК отырысында бірқатар маңызды шешім қабылданды:

  1. COVID-19-ға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында вакциналануға тиіс контингент 9,9 миллионнан 11,4 миллион адамға дейін ұлғайтылды, бұл ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес ұжымдық иммунитетке 60% деңгейінде қол жеткізуге мүмкіндік береді;
  2. халықты қайта вакциналауды биылғы қарашаның үшінші онкүндігінен келесі санаттағы адамдар үшін бастау жоспарланып отыр: тәуекел топтары (медицина қызметкерлері, педагогтер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық мекемелердің персоналы мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері), 60 жастан асқан адамдар, өздігінен зерттеулерден өткен және КВИ-ға қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар адамдар;
  3. "ASHYQ" жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандарының жұмыс уақыты ұлғайды, "жасыл аймақта" – сағат 03:00-ге дейін, "ASHYQ" жобасының көшбасшылары үшін – сағат 05:00-ге дейін; "сары аймақта" – сағат 01:00-ге дейін, "ASHYQ" жобасының көшбасшылары үшін – сағат 03:00-ге дейін;
  4. Үндістан және Филиппинмен өзара вакциналау төлқұжатын тану жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде Қазақстан 15 елмен вакциналау паспортын тану туралы келісімге қол жеткізді (Түркия, Венгрия, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Таиланд, Беларусь, Армения, Иран, Сан-Марино, Аргентина, Эстония, Үндістан және Филиппин);
  5. карантин шектеулері кезеңінде мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібіне Қазақстан аумағына еркін кіру (ВАК шешімінсіз) бөлігінде өзгерістер енгізілді:
  • туыстық фактісін растай отырып, Қазақстан азаматтарының туысы болып келетін шетелдіктерге;
  • Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелері саналатын шетелдіктерге ауыр науқастанғандарға күтім жасау үшін, олардың ілесіп жүретін жұбайлары мен кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ жерлеу рәсіміне келгендерге.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ведомствоаралық комиссияның отырысын қорытындылай келе, бірқатар нақты тапсырма берді.

Оқи отырыңыз: Цой Қазақстанда қайта вакциналау науқаны қалай және қашан өтетінін айтты