Әлем

Санкция енгізуді жауапсыз адамдар ұсынады – ресейлік саясаттанушы

Павел Тарусин Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатынасында екі елдің мүддесіне сәйкес келетін қандай да бір конструктивке қол жеткізіледі деген пікірде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов Американың заң шығарушылары Ресеймен қарым-қатынасты бұзуға тырысып жатқанын мәлімдеді. Sputnik радиосының эфирінде саясаттанушы Павел Тарусин осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов америкалық сенаторлардың тағы 35 ресейлік азаматқа қарсы санкция енгізу туралы жаңа ұсынысына қатысты өз ойын жеткізді. Антоновтың айтуынша, АҚШ-тағылардың Америка-Ресей қарым-қатынасын бұзуға деген талпынысы таңғаларлық қарқында жүріп жатыр.

"Ойдан құрастырылған себептер бойынша тағы 35 ресейлікке қатысты шектеу енгізуге тырысу осының айқын дәлелі болып отыр", - деп жазылған Антоновтың Facebook-тегі пікірінде.

Дипломаттың айтуынша, Капитолийдегілер өз еліндегі өзекті проблемалардың шешімін табумен айналысудың орнына, осы әрекеттері арқылы өздері ойлап тапқан "Америка жауларымен" күрес жүргізуді көксеп отыр.

Sputnik радиосының эфирінде саясаттанушы, Мәскеу мемлекеттік университетіндегі мемлекеттік басқару факультетінің оқытушысы Павел Тарусин америкалық сенаторлардың бұл әрекетін жауапсыздық деп атады.

"Бұл үндеулер ақылға қонымсыз. Оны жауапкершілігі жоқ адамдар жасап отыр. Оларға сыртқы саясат нәтижесі үшін ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Олар ойларына келгенді айта береді", - деді ол.

Саясаттанушы АҚШ сыртқы саясатын конгресс емес, президент айқындайтынын еске салды.

"Ал америкалық конгрессмендер, сенаторлардың бұл үндеулері Ресей-АҚШ қарым-қатынасындағы Америка президенті Джо Байденнің әрекеті үшін мүмкіндіктер қалыптастыруға ұмтылыс іспеттес. Бұл ұсыныстар шартты сипатқа ие. Алайда өзіміз көріп отырғандай, Вашингтонда ақылға сүйеніп әрекет ететіндер бар. АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуланд Мәскеуге келді, келіссөз жүріп жатыр. Иә, күрделі. Бірақ келіссөз жалғаса береді. Ресейдің де, АҚШ-тың да мүддесіне сәйкес, екі ел қарым-қатынасында қандай да бір конструктивке қол жетеді деп ойлаймын. Әйтпесе бірін-бірі түсінбестен, әлем деңгейіндегі проблемаларды шешу оңай болмайды", - деді Павел Тарусин.