НҰР-СҰЛТАН - 13 қазан, Sputnik. Ақтауда 12-ші шағын ауданда "Жұлдызды аспан" инсталляциясы пайда болды. Бұл нысан үшін бюджет қаражатынан 43 миллион теңге жұмсалған, деп хабарлайды "Лада" өңірлік порталы.
Декоративті жарық жүйесі 50 метрге – тутұғырдан Тобанияз Әлниязұлы ескерткішіне дейін созылып жатыр.
Мемлекеттік сатып алулар сайтында "Жұлдызды аспан" декоративті жарық диодты жарықтандыру нысанын орнатуға тендер жариялағаны жазылған. Ол үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бюджеттен 38 742 415 теңге қарастырған.
Inaktau.kz сайтының мәліметі бойынша, қосылған құн салығымен есептегенде "Clover media group" ЖШС-мен 43 391 504 теңгеге келісімшарт жасалған.
Сонымен қатар Ақтауда облыс әкімдігі ғимаратына қарсы аумақта 200 шаршы метрге созылатын "Гүлді алқап" инсталляциясы, "Трио әткеншегі" мен "Заманауи киіз үй" декоративті шағын архитектуралық нысандар да пайда болады деп жоспарланған.