Халық киімдері қоршаған орта, тұрмыс жағдайы, климат, сондай-ақ көшпелі халықтың талап-сұранысына қарай дамиды. Соның ішінде қазақ әйелдерінің киімдері сұлбасы, пішімі мен әшекейленуіне қарай бір-біріне ұқсас, алайда материал таңдау, түр-түс үйлесіміне қарай айырмашылығы бар.
Қазақ әйелдерінің көйлектері аймаққа қарай бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Олар әртүрлі тігіледі, алайда барлық жерде қыздар киімі, жас келін киімі, ересек әйел киімі кездеседі.
Қазақ қызының көйлегі
Қыздар киімінің жиегі бағалы жіптермен, майда моншақтармен әшекейленеді. Алтын, күмістен жасалған салпыншағы, қымбат және жартылай қымбат тастары бар әшекейлері және үкі тағылған баскиімімен ерекшеленеді.
Қыздардың киімі алыстан көзге түсіп, айрықша көз тартарлықтай етіп тігілген. Өте жеңіл ұзын көйлектердің етегіне, жеңіне, жағасына желбіршек салынған. Өте әдемі көрінетін көйлектерді жұқа жібекпен әрлеген. Қазақ қыздары мойнының әсемдігін көрсету үшін көйлектің жағасына аса мән берген.
Қыздардың күнделікті көйлегі өте жұқа матадан тігілген. Етегі мен белінде аздаған бүрме болған. Жеңі ұзын болады, ол да бүрмеленген. Жағасында дөңгелек бүрмесі бар.
Кей деректе бұл көйлектер 19 ғасырдың екінші жартысында пайда болған. Ал оның алдында қазақ әйелдерінде ерлер жейдесі сияқты, бірақ одан ұзындау және кең пішімді көйлектер болған.
Тұрмысқа шықпаған қыздардың басына бөрік болатын. Қыздар бөркінің төбесіне үкі немесе әртүрлі шашақ тағып, жіппен кестелеп, меруерт, маржан тізбелер мен алтын немесе күміс түймелер таққан. Жиегінің белгілі бір аң терісімен көмкерілуіне байланысты құндыз, сусар, пұшпақ бөрік деп аталады. Кәмшаттың үлбірімен көмкерілген бөрік – "кәмшат бөрік" деп аталған.
Қазақ келіншегінің көйлегі
Қазақта тұрмысқа шыққан әйелдерге ашық түсті матадан желбіршекті, кестелі көйлек кию ұят саналған. Жас әйелдер тығыз матадан тігілген, өте бай әрленген жеңсіз көкірекшені көйлек үстінен ілген. Басына ақ матадан тігілген, ұшы иыққа түсетін жаулық тартқан.
Қазақтың әдет-ғұрпы бойынша бала босанған әйелдердің көйлегінің етегі қыздардың көйлегіне қарағанда ұзын болған. Оған желбіршек салынбаған. Көйлектің сыртындағы түймеленетін қамзол ерекше сән беретін. Басында кимешек болған. Сол арқылы шашын жасырған, себебі әйелдер үйден шыққан кезде екі бұрымға не одан да көп бұрымға өріп, көрсетпей жүрген.
Кимешек – тұрмысқа шыққан әйелдің баскиімі. Кимешектің әйелдің бет-жүзін көрсетуге арналған ойығы бар, әйелдің иығын, омырауын жауып тұратын бөлігі болады.
Сондай-ақ кимешек әйелдің жас ерекшелігіне қарай әшекейленген. Кей дерекке сәйкес, кимешек өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін қазақ әйелдерінің тұрақты бас киімі болып саналды. Ол үшін ақ түс таңдалған, себебі әйел бас киімінің символикалық түсі ақ деген ұғым қалыптасқан.
Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өңірінде әйелдер барқыттан немесе жұқа шұғадан тігілген қамзолға қызығушылық көп болды. Ал Орталық және Солтүстік Қазақстан әйелдері талғамына қарай қамзол астынан әшекейлермен әрленген шытыр деп аталатын көйлек киген.
Қазақстанның батыс аймағындағы әйелдер көйлегінің жағасына тамақша деген металдан жасалған әшекей қадаған, қамзолына күмістен ақша тәрізді дөңгелектерді, маржаннан тізілген сым тізбектерді әшекейлеген.
Ересек әйелдер жөн көйлек киген
Өнертану ғылымдарының профессоры Сабыркүл Асанованың "Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы" еңбегінде ересек әйелдер жөн көйлек кигені жазылған. Жөн көйлек – еркін пішімді астарлы көйлек. Оның үстінен ұзын етекті, жеңі жоқ, белі сәл қынамалы, қалтасы бар қамзол киген.
Орталық Қазақстанда осындай қамзолдардың күміс түймелері болған. Ал оңтүстік-шығыста шыттан дайындалған белбеумен буған.
Ересек әйелдер басына биік етіп орамал таққан немесе кимешек тартқан.
Әйелдер күн суық кезде барқытпен тысталған немесе сырылған шапан киген. Ал әл-ауқатты отбасында тұратын әйелдер мамық аңның терісінен тігілген үлбірмен тысталған ішік киген. Осындай ішік киім иесінің байлығын көрсеткен.