НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылуы аясында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Ресейдің классикалық және опералық солистерінің гала-концерті өтті.
"QAZAQSTAN" орталық концерт залының сахнасында Анна Аглатова (сопрано), Владислав Куприянов (баритон), Владимир Магомадов (контртенор), Константин Емельянов (фортепиано), Александр Рамм (виолончель), Гайк Казазян (скрипка), Анастасия Тюрина (балалайка) өнер көрсетті. Гала-концертке қазақстандық опера әншілері де қатысты.
Қонақтарға орыс композиторларының туындылары, орыс операларынан ариялар, орыс романстары мен қазіргі заман композиторларының шығармалары ұсынылды.
Жоба аясында көрмелер, концерттер мен кездесулерді елордада ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында да өткізу жоспарланған, деді Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин.
"Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндері – бұл мәдени өмірде ғана емес, жалпы қарым-қатынас пен ынтымақтастық үшін үлкен оқиға. Біз, әрине, Нұр-Сұлтанмен ғана шектелмейміз. Концерттік бағдарламалар Алматыда және Қазақстанның басқа қалаларында болады", - деді елші.
Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндері Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы мәдениет саласындағы дәстүрлі достық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған және шынайы құндылықтар мен мәдени мұраны одан әрі сақтауға арналған.