Өңірлер

Атбасарда ер адам алдымен туған қызын, кейін әйелін өлтірді – оқиға қалай болды

Пышақ немесе сол секілді затпен күштеп өлтірген. Әйелдің денесін кілемге орап, шығарып тастауға тырысқан
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 қазан – Sputnik. Ресей азаматы Қазақстанда әйелі мен баласын өлтіріп, көрші мемлекетте бой тасалаған. Енді марқұм әйелдің қызы өгей әкесі жазадан құтылып кете ме деп қорқып отыр, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Бойжеткеннің айтуынша, анасы мен өгей әкесінің үш жасар қызы болған. Ақшадан қысылған отбасы кіші қызын басқа отбасы тәрбиесіне берген. Ерлі-зайыпты 2020 жылдың қазанында сол қызын алып кету үшін Нұр-Сұлтаннан Атбасарға барған. Сол уақытқа дейін ер адам әйеліне ортақ қызымен кездесуге, сөйлесуге рұқсат бермеген.

Алайда бір күннен кейін ер адам жалғыз астанаға оралып, әйел баланың жанында біраз уақыт болу үшін қалғанын айтқан. Сол күні кешке полиция Роксана Халдееваға анасы Еленаның қайтыс болғанын естірткен.

"Бала мазасызданып, кеткісі келмей қиғылық салғанын айтты. Анам оны көндіру үшін Атбасарда қалды деді. Бірнеше киімін алып, кетіп қалды. Сол күні кешкі сағат 11 шамасында Атбасар полициясы келіп, анам қайтыс болғанын хабарлады", - дейді Роксана.

"Пышақ немесе сол секілді затпен күштеп өлтірген. Анамның денесін кілемге орап, шығарып тастауға тырысқан. Шамасы мәйітін шығара алмаған", - деді Роксана Халдеева "Еуразия" бірінші арнасына".

Бойжеткен полицейлерден сіңлісі де қайтыс болғанын білді. Ол екі жыл бұрын көз жұмған. Баланың мәйіті 2018 жылы Атбасардағы кәріз люгінен табылған. Роксана өгей әкесі баланы өлтіріп, осы уақытқа дейін қылмысын жасырған деп ойлайды.

"Сараптама қорытындысы бойынша оның 99,9% менің сіңлім екені белгілі болды. Халдеева Елена Петровна – 2018 жылы мәйіті табылған нәрестенің анасы, бұл туралы ешкім білмеген. Кейін екі қылмыстық іс бір-біріне біріктіріліп, Русланға халықаралық іздеу жарияланды", - деді қыз.

Күдікті Руслан Назмиев 7 қазанда Қазанда ұсталды. Алайда халықаралық шарттарға сәйкес, Ресей азаматын Қазақстанға экстрадициялауға болмайды, дейді Ақмола облысының полициясы. Ер адам көрші елде сотталуы мүмкін.